S&P Қазақстанның кредиттік рейтингін растап, болжамды оң деп бағалады
АСТАНА. KAZINFORM — S& P халықаралық рейтингтік агенттігі «Позитивті» болжамын сақтай отырып, Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB –» деңгейінде растады, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
2026 жылғы 20 ақпанда S& P рейтингтік агенттігі «Позитивті» болжамын сақтай отырып, Қазақстан Республикасының тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB–» деңгейінде растады.
Рейтингтің және позитивті болжамның сақталуы келесі факторларға байланысты:
- мемлекеттік қаржыны тиімді басқаруды жалғастыру,
- өтімділігі жоғары активтердің елеулі буферлерін сақтау,
- экономиканы әртараптандыруды жалғастыру,
- мемлекеттік басқарудың тиімділігін цифрландыру арқылы арттыру,
- сондай-ақ институционалдық және әкімшілік реформаларды дамыту.
Ұлттық қор қаражатын пайдалану бойынша қатаң фискалдық қағидаларды сақтау, мұнайға қатысты емес салық базасын кеңейту мемлекеттік қаржы тұрақтылығын нығайтады.
ҚҚС мөлшерін арттыру, салық әкімшілендіруін жетілдіру және бюджет шығыстарының өсуін шектеу де дефицитті біртіндеп азайтуға ықпал етеді.
S& P өткен жылы басталған инвестициялық бағдарламаны, әсіресе өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталғанын оң бағалады.
«Бәйтерек» ҰИХ жобаларының көлемі мен портфелі басым секторларда ЖІӨ-ге қатысты инвестицияларды бұрынғы жылдарға қарағанда жоғары деңгейде қолдауға мүмкіндік береді.
— Диверсификация процесі жалғасып, ЖІӨ құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі екінші жылы тау-кен өндіру саласының үлесінен асып түсіп, жедел деректер бойынша 2025 жылы 12,7%-ға дейін жетті. Талдаушылардың болжамы бойынша, біркелкі сыртқы борыш деңгейінің және шетел валютасындағы активтер көлемінің арқасында Қазақстан сыртқы нетто-кредитор болып қала береді. Сонымен қатар, қайталама санкциялар қаупі төмен екені де атап өтілді, — делінген министрлік таратқан хабарламада.
Бұдан бұрын Қазақстан SCImago жаһандық рейтингінде алға шыққанын жазған болатынбыз.