SpaceX АҚШ-тың барлау қызметіне арналған спутниктерді ғарышқа ұшырды
АСТАНА. KAZINFORM — Америкалық SpaceX компаниясы Falcon 9 зымыранын ғарышқа ұшырып, барлау мақсатындағы спутниктерді орбитаға жеткізді. Бұл туралы компания X (бұрынғы Twitter) желісіндегі ресми парақшасында хабарлады.

Ұшырылым NROL-145 миссиясы аясында 20 сәуір күні АҚШ-тың Калифорния штатындағы Ванденберг әскери-әуе базасынан жергілікті уақытпен таңғы 05:29–да (Қазақстан уақытымен 17:29) жүзеге асырылды.
Бұл — АҚШ Ұлттық әскери-ғарыштық барлау басқармасы (NRO) үшін соңғы күндері орындалған үшінші ұшырылым. Бұған дейін 12 және 16 сәуірде NROL-192 және NROL-174 миссиялары шеңберінде де спутниктер ғарышқа жіберілген.
Аталған басқарманың қызметі құпия сақталады, сондықтан ұшырылған аппараттардың сипаттамасы мен міндеттері жария етілмеген.
Айта кетейік, SpaceX зымыран ұшыру бойынша Пентагонның ең ірі мердігеріне айналды.
Өзбекстан SpaceX компаниясымен бірлесіп ғарышқа өз спутнигін ұшырмақ.