SpaceX-тің IPO-сы компанияның 4 мыңнан астам қызметкерін миллионер еткелі тұр
АСТАНА. KAZINFORM – SpaceX акцияларының рекордтық бастапқы орналастырылуы (IPO) компанияның негізін қалаушы Илон Маскқа ғана емес, қазіргі және бұрынғы мыңдаған қызметкерге де айтарлықтай байлық әкеледі. Бұл туралы The New York Times жазды.
Басылымның мәліметінше, IPO-дан кейін 4,4 мыңнан астам адам миллионер атануы мүмкін, ал шамамен 400 қызметкердің активтері 100 миллион АҚШ долларынан асады.
Бағалау қызметкерлер арасында акциялардың бөлінуін талдаған Hill.com инвестициялық платформасының деректеріне негізделген. Аталған платформаның негізін қалаушы әрі бас директоры Эндрю Бенсоннің айтуынша, мұндай жағдайлар қор нарығындағы ең ірі орналастырулардың өзінде сирек кездеседі.
– Әдетте IPO-дан кейін компанияның негізін қалаушылар миллиардерге айналады. Ал 100 миллион доллардан астам байлығы бар жүздеген қызметкерді көру әлдеқайда сирек. Бұл жасалған байлықтың ауқымын көрсетеді, – деді ол.
Акцияларды орналастырудан пайда көргендердің бірі – SpaceX-тің бұрынғы инженері Гэвин Пети.
Ол компанияға 2012 жылы жылына 80 мың доллар жалақымен жұмысқа орналасып, әрқайсысы 13,8 доллар тұратын бірнеше мың акция алған. Көп жыл бойы Пети сыйақыны акция түрінде алуды жөн көріп, пакетінің басым бөлігін сақтап қалған.
Қазір оның иелігінде SpaceX-тің 50 мыңнан астам акциясы бар, соның арқасында ол мультимиллионерге айналды.
Бұрынғы қызметкердің айтуынша, SpaceX акцияларының орналастырылуын технологиялық дәуірдегі ең табысты IPO-лармен салыстыруға болады. Алайда компания қызметкерлерінің бәрі бірдей бұл мүмкіндікті пайдалана алмаған.
Кейбіреулер SpaceX ешқашан биржаға шықпайды деп ойлап, акцияларын IPO-ға дейін әлдеқашан сатып жіберген. Компания ішінде алғашқы қызметкерлердің акцияларын мейрамхананың сыйлық сертификаттарына айырбастап, кейін бұл шешіміне өкінгені туралы әңгімелер де тараған.
Еске сала кетейік, SpaceX IPO-сынан кейін Илон Масктің байлығы 1 триллион доллардан асып, оны тарихтағы осындай капиталға қол жеткізген алғашқы адамға айналдырды.
Капиталдың күрт өсуі 75 миллиард доллар тартқан және оның негізгі активінің құнын едәуір арттырған SpaceX акцияларының рекордтық бастапқы орналастырылуынан кейін болды.
Бұған дейін SpaceX IPO аясында акциялардың орналастыру бағасын бір акция үшін 135 доллар деңгейінде белгілегенін жариялаған.
Айта кетейік, бұған дейін SpaceX әлемдегі ең қымбат стартапқа айналуы мүмкін екенін жаздық.