SpaceX зымыранының төрт тонналық бөлшегі Айға соғылды
АСТАНА. KAZINFORM — Америкалық SpaceX аэроғарыш компаниясы зымыранының шамамен мектеп автобусының көлеміндей болатын төрт тонналық бөлігі Айға соғылып, оның бетінде жаңа кратер орнады, деп хабарлайды Al Jazeera.
2025 жылдың басында ұшырылған Falcon 9 зымыранының екінші сатысы сәрсенбі күні Ай бетіне, Эйнштейн кратері аймағында сағатына шамамен 8700 шақырым (5400 миль) жылдамдықпен соғылды. Соққы күші шамамен үш тонна тротилдің жарылысына тең болды.
Мұндай зымыран сатылары әдетте орбитаға пайдалы жүкті жеткізгеннен кейін Жер атмосферасына қайта еніп, мұхиттың шалғай аудандарында жанып немесе шашырап кетеді. Алайда 18 айдың ішінде Күн, Жер және Айдың гравитациялық әсерімен екінші саты траекториясын бірте-бірте өзгертіп, бұл Аймен сөзсіз соқтығысуына әкелді.
SpaceX бұл сценарийдің жоспарланбағанын, алайда жанармай қорының шектеулі болуына байланысты оның алдын алу мүмкін емес екенін мәлімдеді.
Сарапшылар бұл оқиғаның Жерге тікелей қауіп төндірмейтінін атап өтті, алайда Жер маңындағы кеңістіктің толып кетуін ескере отырып, пайдаланылған ғарыштық техниканы кәдеге жаратуға қатысты жауапкершіліктің жетіспеушілігіне назар аударды.
Сәрсенбі күні болған соқтығысу — пайдаланылған зымыран қалдығының Айға кездейсоқ соғылуының белгілі болған екінші жағдайы. Мұндай алғашқы оқиға 2022 жылдың 4 наурызында тіркелген еді: сол кезде 2014 жылы ұшырылған қытайлық Long March 3 С зымыранының бір бөлігі Айдың арғы бетіне соғылып, ерекше қос кратер түзілген болатын.