Спорт және дене шынықтыру агенттігі лотереяға халықтың сенімін арттыруды қолға алмақ

АСТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат - Жекелеген алаяқтық оқиғалар салдарынан лотерея ұтысына халықтың сенімі төмендеп кеткен. Жұртшылықтың сенімін қалпына келтіру үшін жүйелі әрі заңнамалық шаралар қажет етіледі. Бүгін Парламент Мәжілісінде «Лотереялар және лотереялар қызметі туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов осылай мәлім етті.

Спорт және дене шынықтыру агенттігі лотереяға халықтың сенімін арттыруды қолға алмақ

Агенттік төрағасының айтуынша, құмар ойындар ұйымдастырушылардың лотерея қызметін де жамылып отырған фактілері кездеседі. «Еліміздің әрбір өңірлерінде, қалаларда бір сәттік ұтыс ойындарын өткізуге арналған лотереялық ойын автоматтары бар. Бұлардың арнайы аумаққа ығыстырылған құмар ойындарының ойын автоматтарынан еш айырмашылығы жоқ. Бұл қызмет ертеректе берілген лицензиялар арқылы жүзеге асырылып келеді», - дейді Ерлан Қожағапанов. Оның айтуынша, лотерея нарығында алаяқтықтың басқа да түрлері кездеседі. Мәселен, кейбір лотереялық билеттер қолдан жасалған жалған болып шыққан. «Бұндай фактілер тұтастай лотерея нарығына сенімді жоғалтып, жағымсыз әсер қалдырып отыр. Ал әлемдік тәжірибе лотереяны ұйымдастыру мен оны өткізуге мүлдем басқаша қырынан келіп отыр», - дейді агенттік басшысы. Оның сөзіне қарағанда, лотерея қызметі бүгінгі күні заманауи телекоммуникациялық, ақпараттық технологияларды толығымен өзіне сіңірген экономиканың қарқынды дамып отырған саласы.

«Лотерея ұйымдастырудан түскен қаржыларды басқара отырып, оны әлеуметтің қажетіне жұмсаудың жолдары әлемдегі дамыған елдердің тәжірибесінде айқындалған. Мәселен, бұл нарықтан түскен қаражат ең алдымен әлеуметтік саланы дамытуға, оның ішінде спорт пен дене шынықтыруды, білім мен ғылымды дамытуға жұмсалады. Осының өзі лотереяның мемлекеттің әлеуметтік мәнге ие міндеттерін шешуде айрықша орын алып отырғанын көрсетсе керек», - дейді Ерлан Қожағапанов. Агенттік төрағасының айтуынша, лотерея әлеуметтік шығыстардың, спорттық шараларды жүзеге асырудың қосымша көзі болғандықтан, бұл нарық бірқатар дамыған елдерде мемлекеттің монополиясында тұр. Мысалы, Финляндияда спорттық ұйымдарға бюджеттен жұмсалатын шығынның айтарлықтай бөлігі бір жүйеге біріктірілген мемлекеттік лотерея ойындарын ұйымдастырудан құралады. «Ал Ұлыбританияның заңнамасы бойынша ұлттық лотерея ойыны дирекциясы қызмет етеді, осы ұйым лотерея нарығына мемлекеттік бақылау функциясын жүзеге асырады. Аталмыш елдегі лотерея ойынымен айналысатын оператор-компания түскен қаржының 40 пайызын мемлекеттік бюджетке аударса, 50 пайызы сыйақы қоры, ал 20 пайызы операциялық шығындар болып табылады. Лотерея нарығынан бюджетке аударылған қаражат арқасында британдықтар мәдениет пен спорттың айқын қолдауына ие болды. Мәселен, Лондонда Олимпиада ойындарын өткізуге жұмсалған шығындардың ауқымды бөлігін лотерея ойындарын ұйымдастырудан түскен қаражат құраған болатын. Бұдан бөлек, Ұлыбританияның футбол қауымдастығы ұлттық лотереядан аударылған 100 млн. фунтқа әйгілі «Уэмбли» стадионын жөндеуден өткізген», - дейді агенттік басшысы. Оның айтуынша, 2012 жылдың күзінен Украина да лотерея нарығына мемлекеттік монополия енгізіп, бұл бағытта тек мемлекеттік лицензиясы бар ұлттық операторлар ғана жұмыс жасайтын болған.