15:03, 05 Ақпан 2009 | GMT +5
Спортшылар мен жаттықтырушыларды материалдық қамтамасыз ету мөлшерін 8-ден 24 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру ұсынылды
АСТАНА. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады. Құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен заң жобасы Парламент Мәжілісіне қайтарылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы бұқаралық спорт түрлерін дамыту, спорт резервін даярлау және әлемдік деңгейдегі спортшыларды тәрбиелеу жүйесін жетілдірудің құқықтық базасын құруға бағытталады. Заң жобасымен спорт түрлерін және дене шынықтыру-спорт қозғалысының субъектілерін тану секілді саладағы мемлекеттік институт бекітіледі. Осыған орай, заң жобасына дене шынықтыру-спорт қозғалысының 16 субъектісін айқындайтын жаңа бап енгізу көзделіп отыр. Сонымен бірге, жоба бойынша мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекеттің қатысуымен заңды тұлғалардың дене шынықтыру-спорт қоғамдарын жандандыру шаралары қамтылады. Бұның өзі дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын адамдардың санын арттыруды қамтамасыз етіп, ел ішіндегі талантты спортшы жастарды табуға, осылайша бірте-бірте сапалы спорт резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа заң жобасында шетелдік мамандардың жоғары сыныпты спортшыларды даярлауына қатысты нормалар да енгізіліп отыр.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын талқылау барысында Сенат депутаттары бірқатар түзетулер енгізді. Атап айтқанда, палата депутаттары мемлекеттік органдардың, бірінші кезекте олардың бұқаралық спортты дамытуға бағытталған құзіретін толықтыру мен нақтылауды ұсынады. Сондай-ақ жоғары палата депутаттары елге еңбегі сіңген спортшылар мен жаттықтырушыларды өмір бойы материалдық қамтамасыз ету мөлшерін 8,0 айлық есептік көрсеткіштен 24,0 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту бөлігіне түзетуді қарастырып отыр. Жобаның дәл осы нормасын 2010 жылдан бастап қолданысқа енгізу туралы шешім қабылданды.
Заң жобасы Парламент Мәжілісіне қайтарылды.