«Спортшылар Олимпиада алтынын неге тістейді?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА.10 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 10 тамыз, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Спортшылар Олимпиада алтынын неге тістейді?» - республикалық басылымдарға шолу

***

Нарықтық қоғам әркімді өз қарым-қабілетіне қарай бейімдемек. Қарым-қабілеттің ең үлкені - таңдаған кәсібіңді терең меңгеру десек, үлкенді-кішілі бизнесте біреудің жолы болса, біреудің бағы жанбай жатады. Алайда, кәсіптің қарапайым түріне көптеген адамдар мән бермей жатамыз. Соның ішінде құс өнімдерінің бірі - бөдене жұмыртқасын өндіру елеусіздеу қалып қойған. Жұдырықтай құстың жұмыртқасы мен етінің емдік қасиеті басым бола тұра бұл шаруа біздің елде неге кенжелеп қалғандығы жеке әңгіме. Десек те, өз бетінше бөдене өсіруге бел буған азаматтар да жоқ емес. Солардың бірі - Шығыс Қазақстан облысы, Бородулиха ауданына қарасты «Айдын» шаруа қожалығының жетекшісі Ғалым Сүлейменов. Бұл жайында толығырақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Бөдене баққан бөркін аспанға атады» деген тақырыптағы мақаладан біле аласыздар.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында сот жұмысын одан әрі жетілдіруге, яғни соған орай сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту міндетін алға қойды. Енді судьялар сот төрелігін тек заң мен ар-ожданды басшылыққа ала отырып шығаруға тиіс. Міне, осы орайда «Егемен Қазақстан» газеті бұл келелі міндеттердің орындалу барысына нақты көз жеткізу мақсатында Маңғыстау облыстық сот төрағасы Досжан Әміровті әңгіме тартқан. «Жаңғыртудың мақсаты» деген тақырыппен берілген сұхбат барысында Д.Әміров: «Ең негізгі өзгерістердің бірі - бұдан былай кассациялық алқа мәжілістерін облыстық сот­тың төрағасы тікелей өзі жүр­гізеді. Бұл сот билігін жоғары деңгейде әрі сапалы жүзеге асыруға ықпал ететін тетіктердің ең бастысы», - дейді.

***

Өткен жылы Теңіз кен орнының маңында 4 балдық жер сілкінісі орын алды. Жер дүмпуін сезінген ТШО қызметкерлерінен басқа халық бұл жаңалықты бұқаралық ақпарат құралдарынан біліп, алаңдап-ақ қалып еді. Мұнай-газ кең көлемде игеріліп жатқан аймақта техногендік әрекеттердің әсері жоғарылап келетіні шындық, бұл жер қойнауының жағдайын өзгеріске түсіретіні де белгілі. Тепе-теңдіктің бұзылуы салдарынан болатын техногендік апаттар «қара алтынды» Атырауды айналып өте ала ма? Рас, күні бүгінге дейін ошағы Атырау жерінде орналасқан жер сілкіністері тіркелген жоқ. Бірақ бұл мұнайлы мекеннің сейсмикалық қауіпсіз аймақ санатында болуымен байланысты емес. Аймаққа сейсмологиялық зерттеулердің жүргізілмегендігінде болып отыр. Еліміздің мұнайлы аймақтарын техногенді апат күтіп тұр ма? Бұл туралы «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Каспийге техногенді жер сілкінісінен қауіп бар ма?» деген мақаладан біле аласыздар.

 

«Бүгінгі күні отбасын құрғандардың басым көпшілігінде бала болмай, ерлі-зайыптылардың дәрігерден-дәрігерге қаралап, діңкесі құрып отырған оқиғалар ел арасында көптеп кездесуде. Осы саланың дәрігер мамандары мұның барлығын әйелдер мен еркектердің арасында бедеулік дертінің ушығып кеткендігімен байланыстырып отыр», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті.  Осы ретте басылым ер-азаматтардың кіндіктен төмен ауруларының қаншалықты деңгейде екендігін білу мақсатында еліміздің уролог-андролог мамандарымен пікірлескен. Жариялым «Белең алған белсіздік мәселесін шешуге 3,8 миллиард теңге қажет» деген тақырыппен жария етілді.

***

«Төрт жылда бір айналып келіп отыратын жазғы Олимпиада ойындарының тасқа басылмаған, алтынға қолы жеткен чемпионның одан айналып өте алмайтын өз жарғысы бар. Ол - жеңіс тұғырында алтын медальдың дәмін сезіну. Біздің бұл ойымызға «алтын - темір, оның дәмі болушы ма еді?!» деп қарсылық танытатындар да бар шығар», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Спортшылар Олимпиада алтынын неге тістейді?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, бастапқыда медаль таза алтыннан құйылған. Ал кейін келе құнды металды үнемдеу үшін күміс қосқан. Уақыт өте келе алтын медальдың құрамы аса таза емес екендігі сырт көзге байқала бастаған. Мұны ең бірінші кезекте жеңімпаздардың өзі тіспен тістеу арқылы сынап көрген.