Спортты дамытуға жаңа серпін: Көкшетауда айтулы екі оқиға өтті
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Соңғы жылдары Ақмола облысы ірі спорттық іс-шаралар өтетін маңызды орталықтардың біріне айналып келеді.
Бұрын өңір көбіне дәстүрлі жарыстармен және қысқы спорт түрлерімен танылса, бүгінде мұнда республикалық және халықаралық деңгейдегі турнирлер ұйымдастырылып, спорттық инфрақұрылым қарқынды дамуда. Бұған Көкшетауда өткен екі маңызды оқиға — жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері арасындағы республикалық спартакиаданың салтанатты ашылуы және «Жаңа жағалау» аумағындағы жаңа скейт-парктің пайдалануға берілуі айқын дәлел болды.
Биыл алғаш рет жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері арасындағы республикалық спартакиада Ақмола облысында өтуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, соңғы жылдары қалыптасқан заманауи спорттық инфрақұрылым өңірді осындай ауқымды жарысты қабылдай алатын деңгейге жеткізген.
Бүгінде облыста 343 мыңнан астам адам дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде айналысады. Бұл — өңір тұрғындарының шамамен әрбір екіншісі. Олардың игілігі үшін 1,2 мыңға жуық спорт нысаны жұмыс істейді, ал спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 70 пайыздан асады. Соңғы үш жыл ішінде өңірде 50-ден астам жаңа спорт нысаны бой көтерді. Олардың қатарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, спорт мектептері, бассейндер және әмбебап спорт алаңдары бар.
Дәл осы инфрақұрылымның негізінде көпфункционалды Kokshe Arena спорт кешенінде республикалық спартакиада бастау алды. Еске салсақ, бұл спорт кешені Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынды. Оның құрылысына Үкімет тарапынан 12,6 млрд теңге бөлінді. Бүгінде Kokshe Arena өңірдегі ең ірі спорт кешендерінің бірі саналады және республикалық әрі халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге толық мүмкіндік береді.
Спартакиадаға еліміздің барлық өңірлерінен келген мемлекеттік қызметшілер командалары қатысуда. Бір апта бойы олар футзал, волейбол, 3×3 баскетбол, жүзу, үстел теннисі, үлкен теннис, шахмат, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және киберспортты қоса алғанда, он спорт түрі бойынша бақ сынайды.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бұл жарыстың өңір үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
— Ақмола облысы үшін мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық спартакиаданы алғаш рет қабылдау — үлкен мәртебе. Бұл — өңіріміз үшін тарихи оқиға әрі спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстың жоғары бағасы. Алдағы уақытта да спортпен айналысуға және ең жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге қолайлы жағдай жасау жұмыстарын жалғастырамыз, — деді Марат Ахметжанов.
Сонымен қатар өңірде спорттық инфрақұрылымды дамыту тек ірі спорт кешендерінің құрылысымен шектелмейді. Бүгінде кәсіби спортшылармен қатар барлық тұрғындардың белсенді өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретін заманауи қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Осындай нысандардың бірі — Көкшетаудағы «Жаңа жағалау» жағалауы. Қазірдің өзінде мұнда серуендеу аймақтары, демалыс орындары мен бұқаралық іс-шаралар өткізілетін алаңдар жасақталған. Енді бұл аумақ жаңа заманауи скейт-паркпен толықты.
Жаңа алаңның ашылуына орай Street Ride Contest жарысы ұйымдастырылып, оған скейтбординг, BMX және самокат спортын серік еткен жастар қатысты. Көрермендер үшін кәсіби райдерлердің арнайы шоу-бағдарламасы ұсынылды.
— Бүгін бірінші орын алғаныма өте қуаныштымын. Бәсеке өте жоғары болды, сондықтан бұл жеңістің мен үшін орны ерекше. Көкшетауда осындай заманауи скейт-парктің ашылғаны қуантады. Бұл жер болашақта жаңа райдерлер тәрбиеленіп, көптеген қызықты жарыстар өтетін орталыққа айналады деп сенемін, — деді жарыс жеңімпазы Евгений Франткевич.
Кештің жалғасы жастарға арналған JANA JAGALAU FEST фестиваліне ұласты. Сахнада қазақстандық орындаушылар BAKR мен BayanSulu өнер көрсетсе, DJ BAUR музыкалық бағдарламаны өз сеттерімен толықтырды. Сонымен қатар қонақтар үшін интерактивті алаңдар мен фотозоналар ұйымдастырылды.
Республикалық спартакиаданың басталуы мен жаңа скейт-парктің ашылуы ауқымы жағынан әртүрлі болғанымен, олардың басты мақсаты ортақ. Ақмола облысында бір жағынан ірі республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін спорттық инфрақұрылым дамытылса, екінші жағынан спортты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыратын заманауи қалалық орта қалыптасып келеді. Бүгінде дәл осы кешенді көзқарас өңірдің спорт саласындағы тұрақты дамуының негізіне айналып отыр.