Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысушы Имят Сүнтаев: Жаралы болсақ та айқасқа ұмтылдық (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысы жылдары көптеген кеңес жауынгерлері ауыр жарақаттарына қарамастан ұрысқа аттанатын және жауға қарсы шайқаста жанын беруге дайын еді.

Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысушы Имят Сүнтаев: Жаралы болсақ та айқасқа ұмтылдық  (ФОТО)

Өзінің соғыс жылдары бастан кешкендерін ҚазАқпарат тілшісіне 91 жастағы майдангер Имят Сүнтаев айтып берді.

«1922 жылдың қазанында Павлодар облысының Ақтоғай ауданы Қожамжар ауылында дүниеге келдім. Сегіз жасымда анамнан айырылдым. 8 сыныпты бітіргеннен кейін бастауыш сынып мұғалімдерін дайындайтын Павлодар училищесіне оқуға түстім. Кейін жергілікті мектепте мұғалім болып істедім. Содан көп ұзамай соғыс басталды. 1942 жылы әскери училищеде алты ай курстан өткен соң мен майданға түстім. Сталинград түбіндегі ұрыстарға қатыстым. Ол шайқастар соғыстың шешуші сәттері болатын. Біз ешқашан ұлтқа бөлінген жоқпыз. Өте тату болатынбыз, бір-бірімізге қолымыздан келгенше қолдау көрсетіп отырдық. Менің туған ауылымнан менімен бірге Отан қорғауға елдегі барлық дерлік жас жігіттер аттанды. Өкінішке қарай, олардың көбі соғыстан оралмады. Менің өзім де жаумен шайқасқан ұрыстардың бірінде ауыр жараландым. Ол 1942 жылдың соңы болатын. Госпитальде ем алып шыққаннан кейін 3-ші Украина фронтына 73-ші атқыштар бригадасының құрамына қосылдым. Мені мотоатқыштар батальонының автоматшылар бөлімінің командирі етіп тағайындады. 1943 жылдың күзінде Украинаның Николаев қаласын азат еттік. Сол жылдың желтоқсан айында ауыр жараландым. Жарылған снарядтың бірнеше бөлігі денеме қадалды, олардың біреуі тамағыма тиді, екіншісі осы күнге дейін жүрегімнің тұсында. Маған даладағы госпитальде ота жасалды, бірақ кейін мені Астраханьға жіберді, онда тағы да пышақтың астына түстім. Дауысымды жоғалттым, мүлде сөйлей алмадым. Осы ауыр жарақаттан кейін мені қанша барамын деп талпынсам да майданға жібермеді. Сондағы ой біреу ғана болатын - Отанды, халықты қорғау», - дейді Имят ата.

Күрделі отадан кейін ол елге оралған және жаңа өмір бастаған. Келген соң тамағына тағы бір ота жасаған. «Тағдырдың осындай кедергілеріне қарамастан, мен алдыма мақсат қойдым - ол қоғам мен еліме пайдамды тигізу. Мұғалім болдым, кәсіпорында істедім, бірақ уақытым мен күшімнің көбін жол қызметіне жұмсадым. Бұл салада көптеген жетістіктерге қол жеткіздім, жетекшіге дейін көтерілдім. Өмірлік серігім Құмсенді кездестіргесін жұмысым жеңілдеді. Екеуіміз міне 70 жылдан бері біргеміз. Ол әрқашан менің сүйенішім, әрі кеңесшім. Екеуіміз бірге 8 баланы тәрбиелеп, өсірдік», - деп атап өтті үлкен шаңырақтың иесі.

Имят атаның айтуынша, балалардың бәрі Ұлы Отан соғысы жайлы, біздің батырларымыздың ерліктері жайлы жақсы біледі және Жеңіс күні бұл үйде ең басты отбасылық мерекеге айналған.

"Соғыс туралы көп айтуға болады. Ол бір өте қиын кездер еді. Біз соңғы қалған нанды бөліп жедік, өлімге тура қарап, тек Жеңіске ұмтылдық.

Осындай айтулы күні бейбітшілікте өмір сүрейік, балаларымыз бен немерелеріміз мұндайды бастан өткермесін деп тілеймін. Еңбектеніңдер, алдарыңа қойған мақсаттарыңа қол жеткізіңдер және бақытты болыңдар, денсаулықтарың мықты болсын", - деп аяқтады әңімесін ақсақал.