Сталкингпен күресте бірыңғай алгоритм керек — сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда сталкинг бұрын жеке мәселе ретінде қарастырылса, бүгінде ол қылмыстық жауапкершілікке әкелетін құқықбұзушылыққа айналды. Бұл бағыттағы тәжірибенің қалай қалыптасып жатқаны және жаңа қорғау тетіктерінің қаншалықты тиімді екені Jibek Joly радиосындағы «В контексте» қоғамдық-саяси ток-шоуында талқыланды.
Сталкинг ұғымы ел заңнамасында өткен жылдың шілдесінде ресми түрде бекітілді. Журналист, қоғам қайраткері, Парламент Сенатының экс-депутаты Дана Нұржігіттің айтуынша, бұған дейін мұндай термин құқықтық тәжірибеде болмағанымен, қудалау фактілері жиі кездескен.
— Бас прокуратурада Қылмыстық кодексте осындай термин болуы керек деп айтты. Мен бұған қатты қуандым. Себебі мұны өте қажет деп есептедім. Қылмыстық кодексте осындай термин болуы тиіс еді, — деді Дана Нұржігіт.
Оның айтуынша, қоғам бұл ұғымды бірден қабылдай қойған жоқ. Алайда соңғы екі жылда жағдай өзгеріп, сталкинг ақпараттық кеңістікте орнығып, ауыр қылмыстардың бастамасы ретінде қарастырыла бастады.
— Менің ойымша, бұл өте маңызды қадам. Сонымен қатар біздің ел ТМД елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып осындай заң қабылдады, — деп атап өтті ол.
Сонымен қатар заң қабылданғанымен, оны іс жүзінде жүзеге асыруға қатысты мәселелер әлі бар.
— Сталкинг уақыт бойынша созылатын қылмыс. Бұл — ең алдымен психологиялық қысым. Ол — адамның өмірін бақылауда ұстау. Оған еркін тыныс алуға мүмкіндік бермеу, психологиялық қысым көрсету, — деп түсіндірді ол.
Осыған байланысты азаматтардың құқықтық сауатын арттыру маңызды.

— Біз адамдарға өздерін бұдан қалай қорғау керектігін нақты түсіндіруіміз керек. Егер осындай жағдай болып жатса, сотта өз құқығын қалай қорғау, дәлелдерді қалай жинау, құқық қорғау органдарымен қалай жұмыс істеу керек, соның бәрін үйретуіміз қажет. Құқықтық сауат болу маңызды, — деді спикер.
Ол сондай-ақ бұл бағытта кешенді ақпараттық жұмыс қажеттігін атап өтті.
— Менің мақсатым — депутаттармен, қоғам белсенділерімен, журналистермен, адвокаттар алқасының өкілдерімен, отбасы және әйелдер істері жөніндегі комиссиялармен бірлескен жұмысты жалғастыру, — деді Дана Нұржігіт.
Қазір сталкингке қатысты істер ақпараттық кеңістікте жиі айтылып жүр. Бұл азаматтардың құқықтық мүмкіндіктерді біле бастағанын көрсетеді. Дегенмен, нақты әрекет ету алгоритмдері қажет.
— Адамдар бұл бап бар екенін және соның негізінде адамды жауапқа тартуға болатынын біле бастады. Бірақ менің ойымша, құқық қорғау органдарының нақты әрекет ету алгоритмі әлі толық қалыптаспаған. Мәселен, арыз түсті делік. Оны қалай қарау керек? Қалай саралау керек? , — дейді ол.
Спикердің айтуынша, негізгі қиындық — сталкингтің бір реттік емес, ұзақ уақытқа созылатын жүйелі әрекет болуында.
— Сталкинг — бұл үздіксіз қоңыраулар, хабарламалар, күтпеген жерден пайда болу. Ол бір апта, екі апта немесе екі жылға дейін созылуы мүмкін. Сондықтан мұндай қылмысты саралағанда оның нақты белгілерін білуіміз керек, — деді ол.

Сондай-ақ дәлел жинау мәселесіне ерекше назар аудару қажет.
— Сталкингті дәлелдеу үшін хат алмасулар мен қоңырауларды, қорқыту мазмұнындағы жазбаларды, скриншоттарды, бейнебақылау камераларының жазбаларын, қоңыраулардың уақыты мен күнін сақтау қажет. Бұл материалдарды жинап, қажет болған жағдайда нотариалды куәландырған дұрыс, — деді спикер.
Қорытындылай келе спикер азаматтарды өз құқықтарын қорғауда белсенді болуға шақырды.
— Мен мұндай жағдайға тап болған адамдарға қорқынышқа берілмей, өз құқығы үшін күресуді ұсынамын. Арызды тіркетуді талап ету, дәлелдерді жинау және өз құқықтары үшін күрес жолына шығуға дайын болу қажет, — деп түйіндеді Дана Нұржігіт.
Еске салайық, бұған дейін ІІМ сотқа сталкинг бойынша 51 іс жолданғанын хабарлады.