Стамбұл конвенциясы төңірегіндегі дау Латвияны саяси дағдарысқа әкелуі мүмкін
АСТАНА.KAZINFORM — 30 қазан күні Латвия Сеймі қызу пікірталастардан кейін елдің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғауға арналған Стамбұл конвенциясынан шығуын мақұлдады. Бұл шешімді 56 депутат қолдады — олардың көпшілігі билік коалициясына кіретін «Жасылдар мен шаруалар одағы» партиясының мүшелері, деп жазды DW.
Партия өкілдері конвенция «дәстүрлі отбасылық рөлдерді бұзады» деп санайды. Дауыс берудің алдында Сейм ғимаратының алдында соңғы бір жыл ішіндегі елдегі ең ірі митинг өтті.
Соңғы бес жылда Латвияда үкімет екі рет ауысты. Қазіргі премьер-министр Эвика Силиня бастаған «Жаңа бірлік» партиясы коалициялық серіктестерімен бірге парламентте көпшілік орынға ие. Алайда дауыс беру кезінде «Жасылдар мен шаруалар одағы» коалициялық келісімді бұзды, бұл елде саяси дағдарыс қаупін тудырып отыр. Оппозициялық «Біріккен тізім» партиясының депутаты Андрис Кулбергс «үкімет іс жүзінде құлады» деп мәлімдеп, премьер-министрді коалицияда тәртіп орнатуға немесе отставкаға кетуге шақырды.
Елдің конвенциядан шығу туралы заңы президент Эдгар Ринкевичке жолданды. Президент бұл заңды Сеймге қайта қарауға бір рет қана қайтара алады. Егер парламент оны қайтадан мақұлдаса, мемлекет басшысы заңға қол қоюға міндетті болады.
Билеуші партияның депутаттары сонымен қатар бүкілхалықтық референдум өткізуді ұсынды — бұл жағдайда заңның күшіне енуі екі айға тоқтатылады.
Ал Стамбұл конвенциясын жақтаушылар Латвияның Конституциялық сотына жүгінуі мүмкін. Дегенмен, елдің Конституциялық соты бұған дейін ратификацияланған халықаралық келісімнен бас тарту мәселесін ешқашан қарастырған емес.
Айта кетейік, Литва, Латвия мен Эстония жаяу әскерге қарсы минаға тыйым салу конвенциясынан шықты.