Starship кемесін тоғызыншы рет сынақтан өткізу сәтсіз аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM – SpaceX компаниясы Starship ғарыш кемесін тоғызыншы мәрте сынақтан өткізу кезінде сәтсіздікке ұшырады, деп хабарлайды ВВС.

– Бір-екі минут бұрын кемемен байланыс үзілді. Тоғызыншы ғарышқа ұшу әрекеті осымен аяқталды, - деді SpaceX өкілі тікелей эфирде.
Кеме жергілікті уақыт бойынша сағат 18:36-да Техастың оңтүстігіндегі Starbase алаңынан ұшырылды. Super Heavy зымыран-тасығышы бөлінгеннен кейін онымен байланыс үзілді. Жоспар бойынша ол Мексика шығанағындағы суға қонуы тиіс еді.
Ұшырылғаннан кейін жарты сағаттан соң, алдыңғы екі ұшыруға қарағанда ұзағырақ ұшқан кеме ретсіз айнала бастаған. Содан кейін онымен байланыс толықтай үзілген. Ол Жерді айналып өтіп, Үнді мұхиты аймағындағы атмосфераға енгеннен кейін ыдырап кеткен деп болжанып отыр.
Ұшырылған соң кеменің пайдалы жүк – Starlink спутниктік еліктегішін орбитаға шығаруы тиіс жүк қоятын бөлігінің люктері ашылмай қалған. Оған қоса жанармай ағып кеткен.
Тоғызыншы ұшу кезінде Super Heavy аса ауыр зымыран-тасығышы алғаш рет қайта қолданылды. Өткен жолы ол Техастағы ұшыру алаңына аман-есен оралған болатын.
SpaceX оқиғаның себептерін талдап, одан қорытынды шығаратынын мәлімдеді. Компания сынақтар Starship сенімділігін арттыруға көмектесетінін айтты.