Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Стартаптар айқасының жеңімпазы 7 млн. теңге алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 12 қараша күні елордада Орталық Азиядағы ең бірінші ірі стартап-конференция TechConnect.Tech инновациялық конгресі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Стартаптар айқасының жеңімпазы 7 млн. теңге алады

Шараны ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік, «Болашақ» ҚР Президентінің халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы және HappyFarm халықаралық бизнес-акселератор ұйымдастыруда.

Қазақстан елордасында өтетін шараға үздік 100 стартаптың негізін қалаушы 150 инвестор мен Орталық Азия, АҚШ, Еуропа және ТМД елдерінен келген қонақтар қатысады.

Конгресті Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ашады. Сонымен қатар шара барысында венчурлық инвестициялар және инновациялар саласындағы 20 әлемдік сарапшы баяндама жасайды. Олардың қатарында Каушал Чокши (Cross Border Angels инвесторлардың халықаралық желісі), Марта Эмерсон (Scaale Group венчурлық қоры) және Игорь Шойфот (TMT Investments венчурлық қоры) сынды инвесторлар бар.

Алқалы жиын барысында жалпы отырыстардан бөлек Қазақстан Премьер-Министрімен, Үкімет мүшелерімен, еліміздің ірі компанияларының басшыларымен және Еуропа мен ТМД-ның ІТ-кәсіпкерлерімен кездесулер ұйымдастырылады. Еуропа, АҚШ, ТМД және орта Азияның 100 стартапы өз жобаларын ЭКСПО аймағында ұсынатын болады.

Конференцияның басты жүлдесі 25 мың АҚШ долларын Стартаптар айқасының жеңімпазы болған команда иеленеді. Бұл байқауға кез келген стартап мына сілтеме арқылы өтінім бере алады. Кәсіби төрешілер тіркелген қатысушылар арасынан ең үздік 10 стартапты іріктейді. Сонымен қатар 90 стартап іріктеп алынып, олар конференция аясында өз жобаларын тегін ұсынатын болады.

«Қазақстан ағымдағы жылы алғаш рет жаңа форматта жаһандық инновациялық конгресс өткізеді. Шараға әлемнің түпкір-түпкірінен және елімізден жүздеген жас инноваторлар, стартаптар және кәсіпкерлер келеді. Олар өз идеяларын бейінді халықаралық инвесторларға, венчурлық қорларға, акселераторларға көрсетеді. Конгресс барысында ІТ-саласының әлемдік кәсіби мамандары дәріс оқып, инновация дамуының әлемдік трендтері жайында айтатын болады», - деді Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі басқармасы төрағасының орынбасары Жұматай Сәлімов.