Степногорда сотталғандардың рұқсатсыз жүруіне жол бермейтін жүйе іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM — Степногордағы №5 мекемеде жаңа бақылау жүйесі орнатылды.
Биыл қала прокуратурасының ықпалымен Степногор қаласының ҚАЖ мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен қаражат бөлу мәселесі оң шешімін тапты.
— № 5 мекемеде қолжетімділікті бақылаудың заманауи бейнедомофон жүйесі енгізілді. Сотталған адамға мекеме ішінде шығу қажет болған жағдайда, ол шақыру түймесін басады. Осыдан кейін кезекші бөлімнің қызметкері бейнебайланыс арқылы оның жеке басын сәйкестендіріп, шығу мақсатын нақтылайды. Тек шығуға рұқсат берілгеннен кейін есік ашылады, ал сотталған адам өткен соң есік автоматты түрде жабылады, — делінген хабарламада.
Аталған жүйе сотталғандардың бақылаусыз жүріп-тұруын болдырмауға, өткізу режимін күшейтуге, сондай-ақ қызметкерлер мен объектінің жалпы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бұрын Атыраудағы ерлер колониясына дрон арқылы ұялы телефон кіргізбек болғаны әшкереленді.