Степногорде азық-түлік бағасы жіті бақылануда

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Степногорде қала әкімі Әнуар Күмпекеевтің төрағалығымен әлеуметтік маңызы зор азықтар мен дәрі-дәрмектерге бағаның жоғарлауына жол бермеу мақсатында құрылған штабтың кеңесі өтті.
None
None

Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Кеңеске қалалық мәслихаттың хатшысы Ғалия Көпеева, ірі сауда нысандары мен дәріханалардың жетекшілері және өкілдері қатысты. Онда Қазақстанда валюталық дәліз күшін жойып, теңгенің айырбас бағамы нарықтық талаппен ұсыныстарға байланысты қалыптасатындығын, сонымен қатар теңгенің айырбас бағамы әлемдік экономика мен ішкі валюталық нарыққа байланысты ауытқып, жоғары көтерілуі де, төмендеуі де мүмкін екендігі айтылды.

Әнуар Күмпекеев жергілікті кәсіпкерлерге қала әкімшілігінде негізсіз бағаның көтерілуін қадағалауға бағытталған штабтың құрамы белгіленіп жұмыс жасап отырғандығын атап өтті. Бұл штаб маңызға ие тауарлардың жеке құнын қадағалап, оларға бағаны жоғарылатпау үшін түсініктеме жұмыстарын жүзеге асыруда. Әлеуметтік маңызы зор тауарлардың бағаларын тұрақтандырып, оның көтерілмеуіне ықпал ету жолдары мен шаралары жөнінде қалалық кәсіпкерлер бөлімінің жетекшісі Татьяна Волчек, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімнің жетекшісі Дулат Жахин ақпараттандырды.

Сонымен қатар қала әкімі шаһардағы ірі сауда орындарында болып, азық-түлік бағасына назар аударды.

Мәселен, қаладағы «Қазақстан» сауда үйіндегі әлеуметтік тауарлар: картоп, сәбіз, сарымсақ құны 90 теңгеден. Күріш 250 -300 теңгеге дейін барады, қант 200 теңге. Тауық еті 460-тан. Сиыр етінен жасалған фарштың жарты келісі 720 теңгеден бұрынғы бағамен саудалануда.

Осы орайда қала әкімі Ә.Күмпекеев азық-түлік бағасына мониторингтің жүргізіп отырылатындығын, сондай-ақ әлеуметтік азық-түлікпен бірге медициналық препараттар бағасы да бақылауға алынғандығын ескере келе, ауыл әкімдеріне ауыл шаруашылық өнімдерін жәрмеңкеге тұрақты жеткізіп отырғызу міндетін жүктеді.

Соңғы жаңалықтар