Стокгольмде XVI–XVII ғасырлардағы кеме су бетіне шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Балтық теңізіндегі су деңгейінің әдеттен тыс төмендеуіне байланысты Стокгольм қаласының орталығындағы Кастельхольмен маңынан XVI ғасырдың соңы — XVII ғасырдың басына жататын әскери кеме көрініп қалды, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Швеция
Фото: Азертадж

Қазіргі таңда Балтық теңізіндегі су деңгейі қалыпты көрсеткіштен шамамен 60 сантиметрге төмен.

Кеме апаттары музейінің теңіз археологі Йим Ханссонның айтуынша, ұзындығы 40 метрге жуық бұл кеме, болжам бойынша, нидерландтық үлгіде жасалған.

— Бұған дейін бұл дат кемесі Grå Ulv болуы мүмкін деген болжам айтылған еді. Ол XVII ғасырдың ортасында Швеция тарапынан қолға түскен. Алайда қазір біз бұл кеменің Grå Ulv емес екеніне дерлік сенімдіміз. Алдағы уақытта қосымша зерттеулер жүргізіп, оның нақты кімге тиесілі болғанын анықтағымыз келеді, — деді археолог.

Белгілі болғандай, кеме апат салдарынан емес, әдейі суға батырылған. Аталған аумақта осындай 15 кеме бар. XVII ғасырда олар 1640 жылдары салынған Шеппсхольменсбрун атты алғашқы ағаш жылжымалы көпірдің іргетасын құраған. Зерттеушілердің пікірінше, бұл кемелер Швеция флотының ескірген кемелері болып, құрылысқа қайта пайдаланылған.

— Кемелерді жөндеу тиімсіз болған кезде флот оларды қайта қолданып, суға батырған. Жаңа ағаштың орнына ескі кеме қалдықтарын пайдалану — өте таңғаларлық құбылыс, — дейді Й. Ханссон.

Кеменің корпусы жақсы сақталған. Су астынан зеңбірек ядролары, керамика бұйымдары мен ас үйге арналған заттар табылған. Археологтің айтуынша, бұл Стокгольм қаласының дәл ортасында судың астында қаншалықты бай әрі әлі толық зерттелмеген мәдени мұра жатқанын айқын көрсетеді.

Бұдан бұрын Швецияда Карл XII корольге тиесілі бұрын белгісіз болған жорық кітабы табылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар