Странджа—2025: Бекзат Нұрдәулетов пен Нұрбек Оралбай жартылай финалға шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Болгария астанасы София қаласында өтіп жатқан дәстүрлі халықаралық Странджа турнирінің үшінші жарыс күні шаршы алаңға шыққан қазақстандық боксшы Бекзат Нұрдәулетов жартылай финалға шықты.

Странджа—2025: Бекзат Нұрдәулетов пен Нұрбек Оралбай жартылай финалға шықты
Фото: sports.kz

86 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап жатқан отандасымыз екінші жекпе-жегінде, яғни ширек финалда француздық Абулайе Траоремен жұдырықтасты. Үш раунд қорытындысы бойынша Бекзат 5:0 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Бекзат өзбек боксшысын бірінші раундта нокаутқа түсірген болатын

Сондай-ақ, 86 келіге дейінгі салмақта Нұрбек Оралбай да жартылай финалға жолдама алды. Ол ширек финалда Скотт Тигнды 5:0 есебімен жарыс жолынан тайдырды. Енді оның 1 наурыз күні өтетін 1/2 финалдағы қарсыласы Болдырев Семен (Болгария) болады.

Кеше Нұрбек Оралбай 1/8 финалда ринг қожайыны Мануэль Жечевпен кездесіп, қарсыласын нокаутпен жеңген еді.

Сонымен қатар бүгін аталған турнирде тағы бір қазақстандық боксшы Фарух Тоқтасынов (71 келі) ширек финалға шықты. Ол өз кезегінде ағылшындық боксшы Патрик Хейвиттен айласын асырды. Фарух қарсыласын 5:0 есебімен айқын жеңді.

Соңғы жаңалықтар