Стратегиялық басымдық: Қазақстан ауыл шаруашылығын қалай жаңғыртпақ

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын жүйелі жаңғыртуды және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұлттық басымдық ретінде айқындады. Президенттің «нарықтағы қазіргі жағдайды айтудың өзі ұят» деген сыны агросаланы түбегейлі реформалау қажеттігін анық көрсетті. Kazinform  аналитикалық шолушысы саланың даму бағытын, министрліктің нақты шараларын және сарапшылар көзқарасын саралап көрді.

Қазақстан ауыл шаруашылығын қалай жаңғыртпақ
Коллаж: Kazinform/ Canva/ Freepik

Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту — елдің стратегиялық басымдығы. Әлемдік нарықтағы баға тұрақсыздығы, климаттың өзгеруі және логистикалық қиындықтар жағдайында Қазақстанның өз өнімдерімен толық қамтамасыз етілуі аса маңызды. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанына тоқталып, саладағы жүйелі өзгерістер қажеттігін айтты.

Қазір Үкімет агроөнеркәсіп кешенін жаңа даму кезеңіне шығару үшін нақты қадамдар жасап жатыр. Жолдаудағы тапсырмалар нарық талаптарына сай кешенді даму стратегиясының негізін құрайды. Негізгі бағыт — елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын жаңа сапалық деңгейге көтеру және өндіріс тізбегіндегі тиімділікті арттыру.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, сала 2021–2030 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы аясында жаңғыртудың жаңа кезеңіне өтті. Стратегиялық құжатта сала ахуалы жан-жақты сараланып, халықаралық тәжірибе мен әлемдік үрдістер ескерілген.

АӨК
Инфографика: Kazinform

Сонымен қатар, 2027 жылға дейінгі даму жоспары қабылданды. Қазір 2026–2030 жылдарға арналған кезеңдік жоспар әзірленуде. Бұл құжатта өнімдерді қайта өңдеу, экспорттық әлеуетті арттыру және ресурстарды тиімді пайдалану басты басымдық ретінде қарастырылған.

Президенттің «прогрессивті агроэкономикаға көшу» тапсырмасы аясында АШМ өңірлік агрохабтар мен заманауи логистикалық орталықтар құруға, өнімдерді терең өңдеу жобаларын кеңейтуге басымдық беріп отыр. Мал шаруашылығын дамыту үшін кешенді Жол картасы жасалып, онда жеңілдетілген несие беру жүйесін жетілдіру, жемшөп өндірісін ұлғайту және аграрлық кадрларды даярлау сапасын арттыру сияқты бағыттар қамтылған.

Осылайша, Қазақстан агроөнеркәсіп саласын жаңа кезеңге шығару бойынша нақты іс-қимылдарды көрсетіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен агроэкономиканы заманауи деңгейге көтеру жолындағы стратегиялық қадамдарын айқындап отыр.

Мал және сүт шаруашылығындағы жаңа серпін

Соңғы жылдары мал шаруашылығында айтарлықтай оң динамика байқалады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми деректері бойынша, 2024 жылы сиыр етінің өндірісі 430 мың тоннаға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,5 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мал санын көбейту мақсатында аустралиялық тәжірибеге негізделген ет кластерлері енгізіліп жатыр. Жаңа тәсіл шағын шаруашылықтарды ортақ өндіріс тізбегіне біріктіріп, бордақылау алаңдарының тиімділігін арттыруға жол ашады. Сонымен бірге, 2025 жылғы 1 тамыздан бастап бордақылау алаңдарына мал сатып алу үшін 5 пайыздық жеңілдетілген несие беріледі. Бұл бағытқа 50 миллиард теңге бөлінген.

сүт
Инфографика: Kazinform

Сүт өндірісі де жаңа серпінге ие болып отыр. 2023 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысы үлгісі бойынша сүт-тауарлы фермаларды салу және кеңейту жобасы іске асырылып жатыр. Бағдарлама 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие арқылы қаржыландырылады. Жалпы қуаты 600 мың тоннадан асатын 115 ферма салу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 50-і пайдаланылып отыр, жыл соңына дейін тағы 28 нысан іске қосылады. Осылайша, 2029 жылға қарай еліміздің ішкі сүт нарығы толықтай отандық өніммен қамтамасыз етіледі.

Баға тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сүйенсек, ішкі нарықтағы баға өсімі азық-түлік тапшылығымен емес, логистика мен сауда тізбегіндегі жанама факторлармен байланысты. Қазіргі таңда ет пен сүт өнімдері халықтың сұранысын толық өтеп отыр. Бағаның негізсіз көтерілуін болдырмау мақсатында өңірлерде тұрақтандыру қорлары жұмыс істейді.

продукты
Коллаж: Kazinform

Бұл бағыттағы баға саясатын үйлестіру Сауда және интеграция министрлігінің құзыретінде болса, Ауыл шаруашылығы министрлігі өз кезегінде өндіріс көлемін арттыру және нарықты жеткілікті көлемде қамту міндетін атқарып отыр.

Өңдеу өнеркәсібі және импортты алмастыру

Саланы әртараптандыру мен қосылған құнды арттыру — ауыл шаруашылығы саясатының басты бағыты. Министрлік мәліметіне сәйкес, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін көбейтіп, импортқа тәуелділікті азайту үшін бірнеше экономикалық ынталандыру тетігі енгізілген.

Атап айтқанда, терең өңдеу кәсіпорындарына шикізат сатып алу шығындарын субсидиялау, жаңа зауыттар салу мен қолданыстағыларын жаңғырту шығындарының 25 пайызын өтеу, негізгі құралдарды несиелеу кезінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және қайта өңдеу мен тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына қосылған құн салығының 70 пайызына дейін жеңілдік беру көзделген.

Отандық өнім
Фото: ҚР Үкіметі

Бұл шаралар елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, отандық өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Экспорт және сыртқы нарықтарға шығу

Қазақстандық агроөнімдер бүгінде шетел нарықтарында да танымал бола бастады. Ведомство деректері бойынша, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық бағытын кеңейту мақсатында Сауда және интеграция министрлігі жанынан отандық өндірушілерді қолдаудың толыққанды экожүйесі қалыптастырылған.

KazakhExport компаниясы экспорттық операцияларға кепілдік беріп, тәуекелдерді сақтандыру қызметін көрсетсе, QazTrade орталығы отандық кәсіпорындарға халықаралық көрмелер мен сауда миссияларына қатысу, оқыту және логистикалық шығындарды өтеу тұрғысынан қолдау көрсетеді.

дон экспорти
Коллаж: Kazinform/Pixabay

Бүгінде қазақстандық сүт өнімдері Орталық Азия мен ЕАЭО елдеріне, сондай-ақ Әзербайжан және Корея нарықтарына экспортталып отыр. Бұл — отандық өнімнің сапасы мен халықаралық стандарттарға сай келетінін айғақтайтын нақты көрсеткіш.

«Субсидия мен жеңілдетілген несие нәтиже бермей отыр»

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Кәкімжан Сарханов агросаладағы басты түйткілдерді нақтылап, саланы дамытудағы негізгі басымдықтарды атады. Сарапшының пікірінше, ең маңызды бағыт — шаруашылық жүргізу жүйесін жаңғырту.

— Біріншіден, шағын шаруашылықтарды ресми кәсіпкерлікке айналдыру қажет. Жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіріп, кооперативтер құру да маңызды. Шалғай ауылдарда іріленген шаруашылықтарды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы дамыту керек. Бұл бағыт «шалғай жайылымдық мал шаруашылығын дамыту» бастамасымен үндеседі және ауылдық жерлерде әлеуметтік әрі өндірістік инфрақұрылымды қалыптастыруға мүмкіндік береді, — дейді сарапшы.

Кәкімжан Сарханов
Фото: Кәкімжан Сархановтың жеке мұрағатынан

Ғалымның айтуынша, субсидия мен жеңілдетілген несие көбіне нақты нәтиже бермейді, ал кооперативтер қағаз жүзінде ғана жұмыс істейді.

— Қолдау тек ақша түрінде емес, нақты іс-шаралар арқылы берілуі тиіс. Мысалы, агротехникалық және инновациялық өнімдермен қамтамасыз еткен абзал. Кооперативтерді құру кезінде мемлекет олардың қаржылық негізін өз мойнына алып, ұзақ мерзімді несие немесе инвестиция түрінде қолдау көрсетуі керек, — деп түсіндірді сарапшы.

Ол азық-түлік қауіпсіздігін елдің қорғанысымен тең дәрежеде қарастыру керегін атап өтті.

— Шағын және орта шаруашылықтардың тұрақтылығы мен жауапкершілігіне ерекше көңіл бөлу қажет. Егер қолдау мақсатсыз жалғасса, өз өнімімізден гөрі сырттан сатып алу тиімді болып кетуі мүмкін. Қазақстанның табиғи ресурстары мен аграрлық әлеуеті зор, оны тиімді бағыттап, нақты нәтиже беретін механизмге айналдыру қажет, — деді К. Сарханов.

«Басты кедергі — теңізге жол жоқ»

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Агроөнеркәсіп кешені және тағам өнеркәсібі департаментінің директоры Еркен Наурзбеков ауыл шаруашылығы өнімдерін халықаралық нарыққа жеткізуде басты кедергі Қазақстанның географиялық ерекшелігі, яғни теңізге тікелей шығу жолының жоқтығы деп санайды.

— Сондықтан экспорттауға тиімді өнімдерді, әсіресе қызыл ет пен құс еті секілді қосылған құны жоғары мал өнімдерін өндіру басты басымдыққа айналуы тиіс, — дейді сарапшы.

Еркен Наурзбеков
Фото: Еркен Наурзбековтің жеке мұрағатынан

Ол ең алдымен ішкі ресурстарды тиімді пайдалану және халықаралық нарықта сұранысы жоғары өнімдерге басымдық беру қажет деген пікірде. Бұл, әсіресе, Қытай, Иран, Парсы шығанағы елдері мен Орталық Азияда сұранысқа ие қызыл ет пен сиыр етін қамтиды. Қой етіне де сұраныс жоғары. Экспортты дамыту үшін мемлекет, бизнес және қоғам мүддесін тең ұстау маңызды. Жай өндірісті ұлғайту жеткіліксіз. Оған кешенді қолдау, яғни субсидия, лизинг, сақтандыру, логистикалық инфрақұрылым және авиаэкспортты дамыту қажет.

— Қазір фермерлер халықаралық нарыққа шығуға арналған KazTrade немесе KazakhExport сияқты мемлекеттік қолдау құралдарын пайдалана алады. Дегенмен, олардың қаржыландыруы жеткіліксіз. Мысалы, KazTrade арқылы бөлінетін 8 млрд теңге көлеміндегі көмек экспорттық тасымал шығындарын толық жабуға да жетпейді. Сондықтан экспорттаушылар толық қолдауға ие болуы керек, — дейді Еркен Наурзбеков.

Ұлттық бренд керек

Сарапшының пікірінше, қазақстандық өнім халықаралық нарықта танымал болуы үшін ұлттық бренд қалыптастыру қажет.

— «KazMeat» сияқты бірегей «зонттық бренд» арқылы органикалық және экологиялық таза өнімдер ұсынылса, тұтынушылар сенімін арттыруға болады, — деді ол.

Логистика мәселесіне тоқтала отырып, сарапшы нақты шешімдерді ұсынды: теміржол тарифтерін тұрақтандыру, Транскаспий бағытын дамыту, авиаэкспорт инфрақұрылымын жетілдіру және ұлттық авиатасымалдаушы құру арқылы өнімдерді тез әрі сапалы жеткізу мүмкіндігі артады.

Марказий Осиё давлатлари янги транспорт йўлакларини қурмоқда, логистикани ўзгартирмоқда
Фото: Midjourney

— Өткен жылдан бері бидай экспортына арналған субсидиялар жақсы нәтиже берді. Экспорт географиясы 12 жаңа елге кеңейді. Бұл біздің өнімнің сұранысқа ие екенін және дұрыс саясат жүргізіп отырғанымызды көрсетеді, — деді Е. Наурзбеков.

Дегенмен, ол экспортқа уақытша шектеу енгізу тәжірибесіне сақтықпен қарау керегін айтты.

— Ірі қара мен ұсақ малды тірідей экспорттауға шектеу қойылды. Бұл ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін жасалып отыр. Бірақ келісілген экспорттық шарттар орындалмаса, Қазақстанның сенімді жеткізуші ретіндегі имиджіне нұқсан келуі мүмкін. Сондықтан экспортқа шектеу енгізудің орнына бағаны тежеудің басқа да механизмдерін қолданған жөн, — дейді ол.

Еркен Наурзбековтің пікірінше, агроэкспортты тұрақты дамыту үшін үкімет жоспарлы, алдын ала болжамды саясат жүргізуі тиіс. Қысқа мерзімді реакциялар мен тыйымдардың орнына ұзақ мерзімді ынталандыру және сақтандыру құралдары жүйелі қолдау тетігіне айналуы қажет.

Фермер өнім өндіруші ғана емес, нарықтың толық қатысушысы болуы тиіс

Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың пікірінше, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану — өндіріс тиімділігін арттырудың негізгі жолы.

— Мемлекет басшысының қолдауымен ауыл шаруашылығына бұрын-соңды болмаған ауқымда қаражат бөлініп отыр: 1 триллион теңге қарастырылды. Дегенмен, бұл қолдаудың тиімділігін арттыруға жүйелі мониторинг пен нақты нәтижелерге бағдарланған шаралар қажет, — деді Серік Егізбаев.

Серік Егізбаев
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Депутат ең маңызды басымдықтар ретінде бірнеше бағытты атады:

  • Кооперация мен фермерлік бірлестіктерді қолдау. Шағын шаруашылықтар бәсекеге төтеп бере алмайды, сондықтан бірлестіктердің әлеуетін арттыру, қаржылық және институционалдық қолдау көрсету қажет.
  • Өңдеу және қосылған құн тізбегін арттыру. Шикізатты экспорттаудан дайын өнім өндіруге көшу — ауылдық жерлерде қайта өңдеу саласын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
  • Жер және су ресурстарын тиімді пайдалану. Су тапшылығы мен топырақтың тозуы — сала үшін басты тежегіш. Сандық есептеу жүйелерін енгізу, тамшылатып суару технологияларын дамыту маңызды.
  • Ғылым, инновация және цифрландыру. Университеттер мен ғылыми орталықтар агрошаруашылықтармен тығыз байланыста жұмыс істеп, заманауи селекция мен цифрлық егіншілік құралдарын енгізуі қажет.
  • Логистика мен нарыққа қолжетімділік. Өнім өндірушіден тұтынушыға дейінгі тікелей жол баға тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл тасымалдау, сақтау және маркетинг инфрақұрылымымен қатар дамуы керек.

Серік Егізбаев мал шаруашылығын дамыту мен жеңілдетілген кредиттердің фермерлерге нақты пайдасын да атап өтті:

— Жеңілдетілген несиелер айналым қаражатын қамтамасыз етеді, маусымдық шығындарды жабуға, жем-шөп, ветеринарлық қызмет пен азық-түлікке қаржы бөлуге мүмкіндік береді. Бұл өндірістік тұрақтылықты қамтамасыз етіп, асыл тұқымды мал сатып алу мен ветеринарлық қызмет сапасын арттыру арқылы экспорттық әлеуетті күшейтеді.

Инфрақұрылымды жаңғырту бордақылау алаңдары мен жем-шөп базаларының техникалық жағдайын жақсартып, ауылдық жерлерде жұмыс орындарын көбейтеді, әлеуметтік тұрақтылыққа септігін тигізеді, — деп атап өтті ол.

Әлеуметтік маңызы бар 5 түрлі азық-түліктің бағасы төмендеді
Фото: Saudagovkz

Сарапшы фермерлер мен ауылдық қауымдастықтарды ішкі нарықтағы кедергілерден қорғау жолдарын да атап өтті.

— Өнім өткізу құнының төмендігі, сақтау мен тасымалдау инфрақұрылымының жеткіліксіздігі, делдалдардың көп болуы — басты қиындықтар. Бұларды шешу үшін ұзақ мерзімді келісімшарттар, онлайн платформалар, нақты уақыттағы нарық ақпаратын жеткізу, сақтау мен өңдеу желілерін дамыту және мемлекеттік субсидияларды сапа мен экспортқа бағдарлау қажет.

Азық-түлік қауіпсіздігі — тек өндіріс көлемін арттыру емес, оның сапасы мен тұрақтылығы, нарықтағы орнықты жүйесі маңызды. Мемлекеттік қолдау, жеңілдетілген несие мен бағдарламалар — жақсы бастама, бірақ оларды нақты нәтижеге айналдыру үшін жүйелі реформалар мен жауапкершілікті күшейту керек. Фермерлер тек өнім өндіруші емес, нарықтың толық қатысушылары болуы тиіс, — деп түйіндеді Серік Егізбаев.

Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамыту — тек қаржылай қолдауға сүйеніп шешілетін мәселе емес. Шынайы өрлеу үшін ғылым мен инновацияны енгізу, фермерлік бірлестіктерді нығайту, цифрландыру мен заманауи логистиканы жетілдіру — басты міндет. Шағын және орта шаруашылықтардың тұрақтылығы, өнім сапасы мен нарыққа қолжетімділік — елдің азық-түлік қауіпсіздігінің тірегі.

Экспорттық әлеуетті арттыру үшін ұлттық брендтерді қалыптастырып, өнімді халықаралық стандартқа сай ұсыну маңызды. Ұзақ мерзімді жоспарлау, сақтандыру механизмдері және жүйелі ынталандыру шаралары агроэкспортты тұрақты дамытуға жол ашады.

Сарапшылар атап өткендей, Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін тиімді пайдалану — ел экономикасының дамуы мен халықтың өмір сапасын көтерудің негізгі кепілі.

Соңғы жаңалықтар