Студенттер арасында анонимді сауалнама жүргізу жемқорлық әрекеттердің алдын алудың тиімді құралы ? ҚазАТУ проректоры

АСТАНА. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Ақпанның 3-і күні «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында Республиканың құқық қорғау органдарының өкілдері, студенттік жастар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында Астана қаласының студенттерімен кездесу өткізді,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жиынға қаладағы барлық жоғары оқу орындарының студенттері, жастар ұйымдарының белсенділері, тәрбие жұмысы жөніндегі проректорлар, «Жас Отан» жастар қанаты, Қазақстан студенттерінің альянсы, «Қарсы» қоғамдық жастар қозғалысы, сондай-ақ ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қаржы полициясы, ішкі істер, мәдениет және ақпарат, білім беру министрліктерінің өкілдері қатысты. Қазақ агротехникалық университетінің Әлеуметтік мәселелер және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Александр Майер өз баяндамасында атап көрсеткендей, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу жұмыстары университет қабырғасында 25 жылдан астам уақыт бойы жүйелі негізде өткізіліп келеді. Әрбір сессиядан кейін жастар ұйымдарының белсенділері өткізетін «Оқытушы студенттер көзімен» сауалнамасы жемқорлық әрекеттердің алдын алудың тиімді құралына айналды. «Сауалнама анонимді өткізілгендіктен, студенттер оқытушының педагогикалық қызметке сай келмейтін, оның ішінде жемқорлық сипаттағы әрекеттерін еш бүкпесіз көрсете алады. Тізімге ілінген оқытушы бір-бір жарым жыл бойына жіті бақылауға алынып, осы уақыт аралығындағы сессиялардан кейінгі сауалнамалар бойынша да үстінен шағымдар түскен жағдайда, ол жұмыстан шығарылуға ұсынылады», - деді ол. Сондай-ақ оқу орнында сенім телефоны жұмыс істейді, студенттер қабылдау күндері ректорға тікелей кіріп, немесе оның электронды поштасына хат жаза алады, барлық оқу ғимараттары мен жатақханаларда ескертпелер мен ұсыныстарды жинайтын арнайы жәшіктер орнатылды. Ректор екі айда бір рет спортшы, шығармашыл, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын, әлеуметтік жағынан осал студенттермен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектері арқылы іс-шаралардың жоспары жасалады.
Соңғы жаңалықтар