10:51, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
Студенттер наурыздың 1-інен бастап оқуға несие алу үшін «Альянс банкке» өтініш жасай алады ? Қ. Келімбетов
АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстандық студенттер алдағы наурыздың 1-інен бастап оқуларына несие алу үшін «Альянс банкке» өтініш білдіре алады.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Үкіметтің өткен отырысында біз жалпы сомасы 15 млрд. теңгені құрайтын студенттерді несиелеу жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыруды жоспарлап отырғанымызды баяндағанбыз. Осының аясында біз студенттерге несие ұсынуға дайынбыз. Кеше несиені «Альянс банк» арқылы беретін болып шештік», - деді Қ. Келімбетов. Басқарма төрағасы таяу уақытта ақша «Альянс банкке» аударылатынын айта келе: «Студенттер наурыздың 1-інен бастап осы банкке оқуға арналған несие алу үшін өтініш жасай алады», - деді.