Студенттерге қандай жұмыстар істеуге мүмкіндік бар

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде студенттер арасында оқуды жұмыспен қатар алып жүру үйреншікті нәрсеге айналып келеді. Алайда әр студенттің табыс табу мүмкіндігі әртүрлі екені түсінікті. Бәрі де жастардың оқудан тыс қанша бос уақыты және қандай дағдылары бар екеніне байланысты. Студенттер қандай қызметтерде жұмыс істей алатыны жөнінде шолу дайындаған едік.

трудоустройство
Фото: freepik

Жастар ең көп баратын сала – сауда 

Стипендия студенттің барлық шығынын өтеуге жете бермейді. Сондықтан жастар үшін қосымша жұмыс мәселесі әрдайым өзекті. Алайда студентке жұмыс табу оңай емес. Себебі оның мүмкіндігін шектейтін көптеген фактор бар. Ең алдымен, дипломы, мамандығы жоқ жасты көп жер жұмысқа ала бермейді. Екіншіден, студенттің оқу орнындағы сабақтарынан тыс уақыты аз болуы да ықтимал.

Осындай шектеулер табыс табу мүмкіндіктерін азайтып, жастарды уақытша жұмыстан бастап онлайн қызметке дейін ыңғайлы жұмыс форматтарын іздеуге мәжбүрлейді. Бұл ретте, ресми статистикаға жүгінген жөн.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы 15-34 жас аралығындағы жастардың басым бөлігі сауда саласында жұмыс істеген. Жұмыспен қамтылғандар саны бойынша саудадан кейін, екінші орында – білім беру саласы, ал үшінші сатыда – өнеркәсіп тұр. 2026 жылдың алғашқы екі тоқсанындағы статистика бойынша, өткен жылғы көрсеткіш сақталып отыр.

Одан кейінгі орындарда мынадай салалар бар:

· ауыл, орман және балық шаруашылығы;

· құрылыс;

· мемлекеттік басқару және қорғаныс;

· көлік және қоймалау;

· денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету;

· кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет;

· тұру және тамақтану бойынша қызметтер.

Сонымен қатар, 2025 жылы 20-24 жас аралығындағы азаматтар арасында жалдамалы жұмыстар істеу көрсеткіші басым болды. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастардың саны өңірлер бойынша сан алуан. Ең жоғары көрсеткіштер Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Алматы және Абай қалаларында тіркелген. Ал бірқатар өңірде олардың саны бірнеше мың адамнан аспаған.

Студенттер үшін басқа қандай жұмыстар қолжетімді

Бүгінде елордалық студенттер әртүрлі салаларда жұмыс істеп, қосымша табыс тауып жүр.

Соның ішінде Call-орталықтар мен сервистік қызметтердегі операторлық жұмыс – қазіргі таңда студенттер үшін ең табысты бағыттардың бірі. 2026 жылғы мамырда мұндағы орташа жалақы шамамен 357 мың теңге болды. Әкімшілер 250 мың теңге шамасында табыс табады. Ал кафе немесе супермаркеттердегі кассир, даяшы және баристаның еңбегі ауысымдық кесте бойынша айына 200-260 мың теңге көлемінде бағаланады. Бұдан жеңілірек нұсқа ретінде промоутерлік жұмысты атауға болады. Акцияларға қатысу және жарнамалық материалдар тарату арқылы шамамен 100 мың теңге табуға мүмкіндік бар.

Интеллектуалдық сипаттағы қосымша жұмыстар атқарғанда, уақыт пен кестені келісу оңайырақ. Репетиторлықпен айналысатындар сағатына 5-15 мың теңге таба алады. Айына 15-20 сабақ өткізген жағдайда табыс 300 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Студенттердің арасында фрилансқа қызығушылық та артып келеді. Олар мәтін жазу, дизайн жасау немесе бағдарламалау салаларында жұмыс істеп, тапсырыстарды арнайы биржалар мен арнайы Telegram-арналардан табады.

Айта кетейік, бос жұмыс орындарын hh.kz, enbek.kz, jooble.org, qyzmet.kz, rabota.kz, olx.kz, joblab.kz, naimi.kz платформаларынан, сондай-ақ жұмыспен қамту агенттіктері, мемлекеттік мансап орталықтары, университеттердің қызметтері мен бос жұмыс орындары жәрмеңкелері арқылы табуға болады.

Екі студенттің хикаясы

Қазір көптеген студент жалдамалы жұмысты, яғни кафе, дүкен немесе сервистік қызметтердегі жұмысты таңдайды. Алайда оқи жүріп, кәсіпкерлікпен айналысатындар да бар. Шығармашылық мамандықтықты таңдаған жастар да кездеседі.

Мәселен, Бауыржан – С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің бесінші курс студенті. Сонымен қатар, ол өзінің жеке кәсібін қарқынды дамытып келеді, яғни дизайнер болып жұмыс істейді.

Не только сезонная работа: кем сегодня работают студенты Казахстана
Фото: жеке архивтен

– Менің жеке дизайн студиям бар. Негізгі бағытым коттедждерге, пәтерлерге және коммерциялық нысандарға арналған дизайн-жобаларды толық әзірлеп беру. Жұмысым маусымдық емес, жыл бойы жалғасады. Дегенмен, ең көп тапсырыс пен жұмыс көлемі көктем мезгілінде болады, өйткені жөндеу маусымы осы кезде басталады, дейді ол.

Сонымен қатар, Бауыржан жұмыс пен оқуды қатар алып жүру соншалықты оңай емес екенін де атап өтті. Себебі, жұмысқа да, сабаққа да көңіл бөлу, уақыт арнау аса маңызды.

– Өз кәсібім үшін жұмыс істейтіндіктен, кестем еркін және жалпы алғанда оқумен қатар алып жүруге болады. Бірақ оқу бәрібір көп уақытты талап етеді. Соның салдарынан кейде жұмыс бойынша белгіленген мерзімдерді өткізіп аламын. Оқытушылар әдетте жағдайға түсіністікпен қарай бермейді, сондықтан екеуін қатар алып жүру қиын болып жатады, дейді студент.

Еуразия ұлттық университетінің үшінші курс студенті Данияр да жұмысы туралы айтып берді. Ол университетке түспей тұрып-ақ журналист болып қызмет ете бастаған.

Не только сезонная работа: кем сегодня работают студенты Казахстана
Фото: жеке архивтен

– Алғашында шағын редакцияларда жұмыс істедім. Кейін мансабым өрлеп, ірі әрі беделді бұқаралық ақпарат құралдарында тәжірибе жинақтадым. Бір кезде журналистика саласында білім алғым келді. Сөйтіп осы бағытта оқуға түстім. Қазір де жұмысымды жалғастырып, оқуымды қатар алып жүрмін, дейді ол.

Қорыта айтқанда, бүгінде көптеген студент оқумен бірге, жұмыс істеп, ақша тапқанды жөн көреді. Кейбірі қызмет көрсету салаларында жалданса, ал өзгелері білім алып жатқан мамандығы бойынша қызмет етеді. Қалай болғанда да, оқу мен жұмысты қатар алып жүру оңай емес және көп күш-қуатты, энергияны талап етеді.

Айта кетейік, бұған дейін 138 мың студент өндірісте тәжірибе жинайтынын және 11,7 мың кәсіпорын колледждермен жұмыс істейтінін жазғанбыз.