Студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтары шалғайдағы аудандарға аттанғалы жатыр - БҚО
ОРАЛ. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 30 мамыр күні студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтарының жауынгерлері үшін еңбек маусымы ашылмақ.
Маусым басында 7 еңбек жасағы құрылған, сарбаздар қатары алдағы жазда 700-ге дейін жететін болады. Студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтары облыстық штабының жетекшісі Дархан Қадыралиевтің айтуынша, сессия біткеннен кейін студенттер нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына тартылады. Сондай-ақ жасақтар Жаңақала, Бөкей ордасы сынды алыс аудандарда жаңа ғимараттар салуға қатысады. Еңбек маусымы барысында жұмыссыз жастарға да орын табылады.
Өткен жылы жасақтар су тасқынынан зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру, қайтадан салуға белсене қатысты. Мұндай құрылыстар Зеленов, Тасқала аудандарында, Орал қаласының 5-шағынауданында бой көтерді. Сонымен қатар Назарбаев зияткерлік мектебінде де студенттер қолтаңбасы бар. Биыл олардың жас отбасыларға арналған көп қабатты үй құрылысына қатысып қалуы әбден мүмкін.
Студенттік құрылыс жасақтары «Альтаир», «Отделстрой» сынды өңірге танымал құрылыс фирмаларымен жақсы байланыс орнатқан.