Су басында отырған қырғыз елінің қабағына қарағанша, өз жерімізде су қоймасын салған абзал - А. Момышев
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қырғыз Республикасындағы Киров су қоймасы арқылы еліміздің Қордай ауданындағы Шу өзенінен бастау алатын бірқатар арналарға су берудің тоқтағаны біраз алаңдаушылық тудырды. Бейресми деректерге сенсек, бұл әрекеттің туындауына Қазақстанның мемлекеттік шекараны жабуы себеп болған көрінеді. Елбасы Қазақ-Қырғыз шекарасын ашуға рұқсат бергеннен соң, мамырдың 23-інен бастап аталған аймақтарға су жете бастаған екен. Осындай әрекеттерге қарағанда су басында отырған қырғыз елі өмірбақи бізге қоқан-лоқы көрсетіп, қорқынышта ұстай алатын тәрізді», деді А. Момышев.
Депутаттың келтірген деректеріне қарағанда, қырғыз жағы суды бөгеген жағдайда Жамбыл облысының 100 мың гектарынан аса алқаптарына егілген ауыл шаруашылығы өнімдерін жоғалту қаупі туады. Бір сөзбен айтқанда, Жамбыл облысындағы агроқұрылымдар егіншілікке қажетті суды тек қырғыздан алып отыр. Мәселен, қырғыз тарапынан судың дұрыс берілмеуі салдарынан 2008 жылы Мерке, Байзақ, Қордай аудандарындағы егіндіктер күйіп кеткен.
Сөз арасында А. Момышев Елбасының бастамасымен салынған Көксарай су реттегішінің іске қосылғанын, бұның ағымдағы жылдың өзінде елге игілігі білініп отырғанын атап өтті. Мәселен, биылғы маусымда жауын-шашын мен қар суы мол болғанына қарамастан, Шардара су қоймасы тасымаған, ал оны қалыпты реттеу Көксарайдың күшімен жүзеге асқан.
«Су басында отырған қырғыз ағайындар қазақтарды қатерлі жағдайда ұстап отыр. Бұдан бөлек, халықаралық су энергетикалық консорциумын құру жөніндегі еліміздің бастамасын іргедегі екі ел де құптамай отыр. Сондықтан да Жамбыл облысының суармалы жерлерін сумен қамтамасыз ету мақсатында өз жерімізден жеке су қоймасын соғу керек. Олай болмаса, қазақ өмір бойы суға қатысты қырғыздың қабағына қарайтын болады. Сол себепті Қордай, Мерке аудандарында, Тараз қаласының жоғарғы аймағынынан су қоймасын соғу қажеттігі айқын сезіледі», деді А. Момышев.
Бұнымен қоса, депутат Киров су қоймасының қауіпсіздігіне алаңдаушылық қаупінің әлі сейілмегенін де айтып өтті. Осыған орай А. Момышев, Қырғыз елінде орналасқан бұл нысанды қорғауды қазақ-қырғыз әскері бірлесіп жүзеге асыруы тиістігін алға тартты. «Бұдан басқа, өз жерімізде Киров бөгенінен аққан суды жинайтын сақтандыру тоғанын соғудың да маңызы зор. Бұл бір жағынан ауыл шаруашығылығын сумен қамтуға септігін тигізсе, екінші жағынан өңірдің қауіпсіздігі үшін қолайлы болмақ», деді депутат.