«Су дауы соғысқа әкеп тіремей ме?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 24 тамыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 24 тамыз, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Су дауы соғысқа әкеп тіремей ме?» - БАҚ-қа шолу

***

Кеше Тәуелсіздік сарайында «Мәдениеттер жақындасуының халықаралық онжылдығын» ұлықтауға байланысты халықаралық форум өтті. Мұнда Алакөл қорығына «ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваты» дәрежесі берілді. Бұл бүкіләлемдік жүйеге енген Қазақстандағы екінші қорық болып табылады. Астана форумы ел есінде осындай марапатымен есте қалумен бірге, мамандар пікірімен 2013-2022 жылдар аралығы әлемдік этиканың арнайы стратегиясын жасауға арналған тамаша мүмкіндік деп бағалануда. Осы халықаралық жиын арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Ақыл-ойдың айқын алаңы» деген тақырыппен берілді. Жиынды ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша Қазақстандағы Ұлттық комиссияның төрағасы, Астана қаласының әкімі ИманғалиТасмағамбетов сөз сөйлеп ашты. ЮНЕСКО-ның бұл саладағы көшбасшылық рөліне айрықша мән бере келе модератор өзара мәдени үнқатысулар әлемді жақындастырып, халықтарды өзіне тарта бастағанын алға тартты. Қонақтардың түрлі өңірден келгендігі ескерілгенде, онжылдық бірнеше күрделі мәселелерді қамтитындығы, оның ішінде саяси тұрғыдан өзара мәдениеттердің бейімделуі, тәжірибелік іс-шараларды жүзеге асыру, сонымен қатар, рухани ынтымақтастықты арттыру, бейбітшілікті сақтауға байланысты бірігіп атқаратын басты бағыттарды айқындау сияқты бірталай жобалар барлығы нақтыланды.

«Кеше Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық уни­вер­ситетінде «Сапалы білім мен тәрбие - Қазақстанның мем­ле­кеттік саясатының басымдығы» деген тақырыпта рес­публикалық тамыз кеңесі өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның жазуынша, кеңес барысында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың баяндамасында балабақшаларға қатысы мәселелер кеңінен қамтылды. Мектепке дейінгі даяр­лық­тың жаңа сапасына көшу, мектепке дейінгі оқытуда жа­ғым­сыз құбылыстарды жою қажеттігі айтылды. «Біз балаларды ерте оқытуға көшудің әлемдік тә­жірибесін меңгеруіміз қажет. Оны сынақтан өткізіп, отандық әзірлемелерді жасау керек. Ха­лық­аралық сарапшылар біздің әлі де болса балалардың ерек­ше сензитивтігіне мән бер­мейтінімізді айтады. Осыған байланысты ең маңызды бағыттардың бірі мектеп жасынан бастап көп тілді оқытуды дамыту болып отыр. Қазіргі кезде 200-дей балабақша іріктеліп алынды. Олар тілдерді ерте оқыту бойынша эксперимент алаңы болмақ», - деген министр қазіргі заманғы мультимедиялық технологиялар мен дамыту ойындарын және оқыту бағдарламаларын жаңа деңгейге көтеру керектігін де атап көрсетті. Сондай-ақ баяндамашы педагог мәртебесін көтеруге қатысты бірқатар ойларымен бөлісті. Тиісті еңбекақыны өсіре отырып, мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесін де түбегейлі қайта өзгерту керектігіне назар аударылды. Мақала «Әр оқушыға - сапалы білім мен тәрбие» деген тақырыппен берілген.

***

Қазақ жерінде өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің болашақтың энергиясына арналатынын бүгінде бәрі біледі. Себебі әлем елдері қуат көзінің тапшылығын күні-түні сөз етуде. Баламалы қуат көзін игерудің соны шешіміне қол жеткізу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген ғалымдар да көп. Міне, сол шешімдер тоғысатын «ЭКСПО - 2017» көрмесі жаһандық мәселенің күрмеуін тарқата ала ма? Қазақ елі қандай жобасымен бөліспек? Бұл сауалдарды «Айқын» газеті «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінің басқарма төрағасы, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдікерім Зейнуллинге қойған. «ЭКСПО-2017» көрмесінің «Болашақ энергиясы» деген атауының өзінде ғылым мен инноватика жатыр. Сондықтан ЭКСПО-ны өткізу шеңберінде арнайы ғылыми техникалық бағдарлама әзірледік. Біздің ол ұсынысымыз ұлттық жоспарға кірді. Қазіргі таңда ол бағдардама тиісті талапқа сәйкес ғылыми-техникалық сараптамадан өтіп, Үкімет жанындағы жоғары техникалық комиссияның сараптамасына ұсынылған. Бұл бағдарламаға жиырма шақты жоба енді. Бұл бағдараманы жасар алдында зерттеу жүргіздік. Дүние жүзі елдерінің баламалы энергия саласындағы жаңалықтарын зерттедік. Көрмелерге де қатысып жүрміз. Сонда байқағанымыз, бұл салада айтылатын жаңалықтар бәлендей көп емес. Бәрі де су, жел, Күн энергиясы сияқты дәстүрлі энергия көздерінен аса алмайды. Ал біз өз бағдарламамызға космос энергетикасын қосып отырмыз. Қазақша айтқанда, ғарыш энергиясы», - дейді Әбдікерім Әбжәлелұлы басылымға.


«Орталық Азия аймақтық жанжалдың табалдырығында тұр». Өңірдің сарапшылары осылай дейді. Текетірестің негізгі себепкері шекара дауы, жер дауы немесе өзге де саяси мәселелер емес, су көрінеді. Ақиқаты сол, тұщы су мәселесі Орталық Азияда ғана емес, әлем бойынша қат бола бастады. Енді 20-30 жылдан кейін болатын соғыстардың өзегінде тек су мәселесі жатады» деп, аузы дуалы сарапшылар дабыл қағуда», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Су дауы соғысқа әкеп тіремей ме?» деген тақырыптағы мақаласында. Сарапшылардың пайымынша, әлемнің 45,3 пайызында өмір сүріп жатқан 145 мемлекет 263 трансшекаралық өзендерді пайдаланады. Қазір осы мемлекеттер арасында су дауы қатты көтерілуде. Мұның арты үлкен қақтығыстарға алып келуі әбден мүмкін.