Су дипломатиясы Арал теңізін толтыруға көмектесті – министр

АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңі әзірленіп жатыр. Онда Көкарал бөгетін қайта құру және теңіз деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеру көзделген. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкіметте баяндады.

Нұржан Нұржігітов
Фото: Үкімет

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Солтүстік Арал теңізін сақтау және гидроэнергетика әлеуетін пайдалану мәселесін көтерген еді.

– Арал теңізін сақтау мәселесі мемлекеттік су саясатының басым міндеттерінің бірі болып қала береді. Былтыр Өзбекстан Республикасымен трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім – он жылдық келіссөздердің нәтижесі. Осылайша, Қазақстан көршілес мемлекеттердің барлығымен трансшекаралық су мәселесі бойынша құқықтық база қалыптастыруды аяқтады. Осы құқықтық негізде екіжақты комиссиялар құрылып, тұрақты өзара іс-қимыл мен үйлестіру қамтамасыз етіледі, – деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Дәл осы су дипломатиясы мен Сырдария өзеніндегі су қоймаларының келісілген жұмыс режимінің арқасында соңғы су аз жылдары да Солтүстік Арал теңізіне тұрақты су келіп отырған.

Нәтижесінде Солтүстік Аралдың көлемі 2023 жылдың басындағы 18,4 млрд текше метрден қазіргі 23 млрд текше метрге дейін ұлғайды.

– Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңін әзірлеу аяқталып қалды. Бұл Көкарал бөгетін қайта құруды және теңіз деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеруді көздейді. Нәтижесінде Солтүстік Аралдың ауданы 3 913 шаршы шақырымға, ал көлемі 34 млрд текше метрге дейін артады. Теңізді осы белгілерге дейін толтыру үшін 4-5 жыл қажет, – деді Н. Нұржігітов.

Бұдан басқа, министрлік Арал-Сырдария бассейнінде Түркістан және Қызылорда облыстарындағы суару жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру бойынша 167 жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр.

Сонымен бірге, өңірде су үнемдеу технологиялары белсенді енгізіліп келеді. Соңғы жылдары Түркістан және Қызылорда облыстарында 143,1 мың гектар жерге енгізілді, бұл шамамен 500 млн текше метр су үнемдеуге көмектескен.

– Қазір Көкарал бөгеті мен Арал бассейнінің бүкіл су шаруашылығы секторының жобаларын жүзеге асыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Биыл жыл соңына дейін іс-шараларды жүзеге асыруға қаржы тарту жоспарланған, – деді сала министрі.

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында Кіші Арал суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болатынын айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар