СУ ДОБЫ БОЙЫНША ӘЛЕМ КУБОГЫ: Қазақстандық ватерполшылар хорваттардан жеңіліп қалды

Осылайша Қазақстан құрама командасы Әлем Кубогының үшінші күні үшінші рет жеңіліске ұшырады.
Бірінші кезең бастала салысымен бірден ойын тізгінін өз қолдарына алған хорваттықтар айшықты ойын өрнегін көрсете білді. Отандастарымыз қанша рет шабуылдаса да хорваттықтар қақпаға доп дарытпады. Есесіне 3 гол соғып, алға шықты. Осылайша бірінші кезең 0: 3 есебімен аяқталды. Екінші кезеңде қазақстандық ватерполшылар жанкүйерлердің қызу қолдауымен жиі-жиі алға ұмтылып, қарсыластар қақпасына үш доп соғып, жанкүйерлерге үміт отын сыйлады. Бірақ, өкінішке қарай өз қақпаларына 2 доп жіберіп алды. Есеп 3: 2. Үшінші кезең бастала салысымен тәжірибелі хорваттықтар батыл шабуылға көшіп, асқан салқынқандылықпен ойнап, оңтайлы сәттерді тиімді пайдалана білді.
Өкінішке қарай, Қазақстан құрама командасының қорғаушылары бұл жолы көп қателіктерге бой алдырды. Есеп 1: 6. Төртінші кезеңде Сергей Дроздовтың шәкірттері қарсы шабуылға көшіп, қалайда ойын тағдырын өз пайдаларына шешуге тырысқандарымен, хорваттардан басым түсе алмады. Кезең 3:3 есебімен тең аяқталды. Ал Қорытынды есеп 7:14.
Ертең Қазақстандық ватерполшылар өз тобында соңғы ойынын Сербия құрама командасымен өткізеді.