Су кірген баспанамыздың қабырғасы үгітіліп құлап жатыр – СҚО тұрғыны
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында тасқынның беті қайтып, қауіпті аумақтан көшірілгендердің алды баспаналарына кіре бастады. Суда бірнеше күн тұрып қалған үйлердің жағдайы мәз емес, қазіргі уақытта техникалық зерттеу жүргізіліп, шығын есептеліп жатыр.


Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 9 тұрғын үй суға кетті. Оның біреуі Дружба елді мекенінде, қалғаны аудан орталығы Новоишим ауылында. Тасқыннан зардап шеккендердің бірі – Гүлжаз Құлманова. Аудандық мәдениет үйінде көркемдік жетекші, күйеуі Жанболат Батырбаев осы мекемеде әдіскер болып жұмыс істейді. Новоишим елді мекеніне 2002 жылы Өзбекстанның Навои облысы Тамдыбұлақ ауданынан көшіп келген.
«Екі ұлым бар, екеуі де студент. Бұл үйде елге қоныс аударғаннан бері тұрдық. 1960 жылы саманнан салынған үш бөлмелі үй. 2017 жылы өңірде қатты су тасқыны болғанда да су үйге дейін келгенімен, кірмеп еді.
Су басатынын, заттарыңызды жинаңыз деп алдын ала айтты. Ауылдық әкімдіктің қыз-жігіттері келді, төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары ескертті. Үйдің іргетасы биік, сол себепті үйге кіреді деп ойлаған жоқпыз. Сондықтан дүние-мүліктің жартысы қалды, тұрмыстық техника суға кетті. Алып шыққанымыз – кресло-диван, кішкене көрпе-жастық және киім-кешек, қалғаны бәрі қалды. Малымыз жоқ», - дейді Гүлжаз Құлманова.




Тасқын су ауылға 6 сәуір түнде келіп, бірер сағатта биіктігі 1,5 метрге жеткен.
«Үйдің, терезенің жартысына дейін су көтерілді. Су екі-үш күн тұрды. Қазір үйдің ішіндегісі кетті, тек жертөледе су тұр. Қабырғалары үгітіліп құлап жатыр. Жөндеу үшін қаншама қаражат керек. Әрі ол үйде тұрсақ ауру боламыз. Мәселе шешіледі деп ойлаймын, жергілікті әкімдік үй алып береміз деп отыр. Көршілерімнің жағдайы да мәз емес», - дейді ауыл тұрғыны.


Қазір Гүлжаз Құлманова бала-шағасымен қайын інісінің үйінде үш отбасы болып тұрып жатыр. Тиесілі бір жолғы көмек – 100 АЕК (369 200 тг - ред.) мөлшерінде жәрдемақы алған.
Ғ. Мүсірепов атындағы аудан әкімдігінің мәліметінше, тасқыннан Новоишим елді мекенінде 25 адам зардап шекті. Ал Дружба ауылында үйі суда қалған екі тұрғынға жергілікті «Целинное-2004» ЖШС бірден басқа баспана берген. Сондай-ақ малдарын қажетті жем-шөппен қамтыды. Новоишим ауданындағы өтініш берген 5 тұрғын 1 млн 846 мың теңге өтемақы алды.
11 сәуір ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдайда зардап шеккендерге келтірілген материалдық шығынның мөлшерін бағалайтын комиссия құрылды. Суда қалған үйлерге, дүние-мүлікке техникалық зерттеу жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ ауылдық округтерде сенбіліктер ұйымдастырып, су тасқынынан кейінгі қоқысты жинап, жою жоспарланған.