Су нысандарын жаңғыртуға француз технологиялары тартылады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Франция су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту бойынша пилоттық жобаны іске асырады.
Су ресурстары және ирригация министрлігі француздық CarpiTech Hydroplus компаниясымен Қазақстан Республикасының гидротехникалық инфрақұрылымына француз технологияларын енгізу жөніндегі жобаны іске асыру кезеңдерін айқындау туралы келісімге қол қойды.
Құжатқа қол қою рәсіміне Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов қатысты.
Келісім аясында бірнеше кезең көзделген. Атап айтқанда, министрлік айқындаған гидротехникалық құрылыстардың құжаттамасына сараптамалық талдау жүргізу, Қазақстанда инженерлер мен мамандарға арналған оқыту семинарларын ұйымдастыру, сондай-ақ француз технологияларын пилоттық негізде енгізу үшін кемінде екі бөгет пен бір суару каналын айқындау жоспарланып отыр.
Әрбір таңдалған нысан бойынша ұсынымдар, алдын ала техникалық шешімдер және жұмыстарды іске асыру мерзімдері әзірленеді.
Каналдарға геомембраналық жабын төсеуді, гидротораптарды автоматтандыруды және цифрлық мониторинг жүйесін енгізуді қамтитын пилоттық жобалар су шаруашылығы инфрақұрылымының қауіпсіздігі мен пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл тәжірибені кейін Қазақстандағы басқа да гидротехникалық нысандарды жаңғырту кезінде қолдану көзделіп отыр.
Айта кетейік, биыл маусым айында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен CarpiTech Hydroplus компаниясы арасында техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын.
— Бізді CarpiTech Hydroplus компаниясының Қазақстанның су шаруашылығы нысандарында өз технологиялық шешімдерін енгізу жөніндегі ұсынысы қызықтырды. Компанияның Жамбыл облысында өз өндірістік базасы, яғни зауытының болуы да — біз үшін үлкен артықшылық. Француз делегациясымен қол қойылған құжаттарды жалпы ынтымақтастықтан нақты жобаларды іске асыруға көшуге мүмкіндік беретін практикалық құрал ретінде қарастырамыз, — деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов.
Айта кетелік елімізде су ресурстарын басқару жүйесі өзгеретіні туралы жазған едік.