Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Су саласында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру нәтижесінде 975 тұрақты жұмыс орны ашылады

АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрлігі Су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында Қазақстанның барлық өңірінде гидротехникалық құрылыстарды салу және реконструкциялау бойынша бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асырып жатқанын жариялады.

в
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Жобаларды іске асыру нәтижесінде 975 тұрақты және 1866 уақытша жұмыс орны құрылады. Бұл шара су шаруашылығы нысандарының қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етуге және су ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған.

– Жаңа жұмыс орындарының ашылуы өңірлердегі, әсіресе ауылдық жерлердегі халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту салаға жаңа білікті мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда су мамандықтары бойынша шамамен 2,7 мың студент білім алып жатыр. «Қазсушар» РМК филиалдарында өндірістік тәжірибеден өтетін студенттердің саны да жыл сайын артып келеді. Бұдан бөлек, сала қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру бойынша жұмыстар тұрақты жүргізіліп жатыр, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Еске салсақ, 2024 жылы бекітілген Су саласын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес 42 жаңа су қоймасын салу, қолданыстағы 37 су қоймасын реконструкциялау және 14,5 мың шақырым каналды жаңғырту көзделген.

Қазіргі уақытта үш жаңа су қоймасының құрылысы басталды. Түркістан облысында екі су қоймасының құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар министрлік тағы екі су қоймасын салуға арналған жоба құжатын әзірлеуді аяқтады. Тағы 13 нысанды салуға құжаттар әзірленіп жатыр.

Сондай-ақ министрлік бес су қоймасын реконструкциялау жұмыстарын аяқтады. Оған қоса, сегіз су қоймасын реконструкциялауға арналған жоба құжаты дайын. Бұдан бөлек, 18 нысан бойынша қажетті құжаттар әзірленіп жатыр.

2024-2025 жылдары шамамен 1,5 мың шақырым каналды реконструкциялау және жаңғырту жұмыстары аяқталды. Ал жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 962 шақырым каналды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл шамамен 200 мың гектар суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуін жақсартуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, еліміздің су шаруашылығы саласында 29 мыңнан аса адам еңбек етеді.