Су шайған жолдардың көпшілігі 1960-70 жылдары пайдалануға берілген – ҚазАвтоЖол

Дархан Иманашев
Фото: Видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM – Су тасқынынан кейін жол мамандарын үлкен жұмыс күтіп тұр. Қазір «ҚазАвтоЖол» компаниясы барлық залалды есептеуде. Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасында өткен «Біз біргеміз» телемарафонында айтылды.

«ҚазАвтоЖол» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің айтуынша, су тасқыны басталғалы 12 облыста жолдарды су шайған 168 жағдай тіркелді. 

«Қазіргі уақытта Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында 6 автожолда шектеу бар. Барлық мердігер ұйымдар дайын, материал әзірлеу жұмыстары толыққанды жүруде. Барлық қажетті техника дайын тұр. Су деңгейінің төмендегенін ғана күтіп отырмыз, содан кейін бірден іске кірісеміз. Бұл жұмыстар құрылыс маусымының соңына дейін аяқталады», — деді Д.Иманашев телемарафонда.

Сонымен бірге, аталған компания өңірлерде су тасқыны салдарын жоюға тікелей атсалысып келеді. Ол үшін 700 техника жұмылдырылып, инертті материалдар берілуде.

«Компания болған жағдайдан тиісті қорытынды шығарды. Дегенмен, су шайған жолдардың 95 пайызы өткен ғасырдың 60-70 жылдары пайдалануға берілген жол бөліктерінде болды. Осыған қарамастан, биылғы жөндеу және құрылыс жұмыстарында барлық кемшіліктер қайта қаралып, түзетіледі», — деді спикер.

Айта кетейік, су тасқынындағы ел бірлігіне арналған «Біз біргеміз» телемарафоны «Jibek Joly» арнасында жалғасуда. 5 сағаттық тікелей эфирде тасқын басқан аумақты көзбен көрген, табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындардың жан тебірентер оқиғалары айтылып, табиғи апат аймақтарынан репортаждар беріледі.

Соңғы жаңалықтар