12:52, 22 Тамыз 2023 | GMT +5
Су тапшылығынан зардап шеккен егіс алқаптарына байланысты нан қымбаттауы мүмкін бе
АСТАНА. ҚазАқпарат – Су тапшылығынан зардап шеккен егіс алқаптарына байланысты нан қымбаттауы мүмкін бе? Бұл сұраққа Үкімет отырысынан кейін Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дән, дәнді-бұршақты дақылдар, өнімдер бағасының өсуі байқалмайды. Сол себепті біздің жоспарымызға сай, нан мен ұнның құны тұрақты болады. Азық-түлік корпорациясының қорында бидай жеткілікті. Өзіміздің ішкі нарық тұтынушыларының сұранысын толық қамтамасыз етеміз», - деп жауап берді Ербол Қарашөкеев БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сонымен қатар министр елімізде екі жыл қатарынан нан бағасы арзандап жатқанын атап өтті. Сондықтан биыл да оның құнын көтеру жоспарланып отырған жоқ.