Су тасқыны: Атырау облысының тағы бір ауданында төтенше жағдай жарияланды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Су тасқынына байланысты Атырау облысының Жылыой ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың мәлім етуінше, қазір су тасқыны қиындық туғызып отыр.
«Жылыой ауданында бүгін, 4 сәуірден жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Қазір Қосшағыл ауылдық округіне қарасты Қарағай елді мекеніне су кірді. Сол себептен, жедел штаб Қарағай елдімекенінің тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшіру туралы шешім қабылдады. Бірінші кезекте әйелдер, балалар, науқас жандар және I, II, III-топтағы мүгедектер көшіріледі», -деп хабарлады Гүлнафис Айшуақова.
Осыған байланысты аудан орталығы – Құлсары қаласында үш қабылдау пункті ашылды. Бұл – №1, 8 және 18-орта мектеп ғимараттары.
«Қарағай елді мекенінен қабылдау пункттеріне жеткізетін автобустар жүреді. Тұрғындардан өздерімен бірге жеке бас құжатын, қажетті заттарыңызды (шағын төсек орын т.б.) алу сұралады», - деп мәлім етті Гүлнафис Айшуақова.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы бір ауданда төтенше жағдай жарияланғанын хабарлаған едік.
Кейін Ойыл өзеніндегі су тасқынына байланысты Миялы ауылынан 559 тұрғын эвакуацияланды.
Сондай-ақ, Миялы ауылына тірелген судың деңгейі 1 метр 20 см болды.
Ойыл өзенінің маңынан 7 шаруа қожалығы қауіпсіз аумаққа көшірілді.
Миялы ауылын тасқын судан қорғау жалғасып жатқанын жазған болатынбыз.
Ойылдың арнасынан асқан су Миялы ауылы маңындағы көпірді бұзып кетті.
Кеше Атырау облысындағы Көздіқара ауылының тұрғындарын эвакуациялау басталды.
Сондай-ақ, кеше су тасқынынан Қызылқоға ауданындағы 8 округке әлі де қауіп бар екенін хабарлағанбыз.
Бүгін Атырау облысында су тасқынының қаупі әлі толық сейілмегенін жазғанбыз.
Ал Жылыой ауданында Жем өзенінің суы 2 метр 53 см-ге көтерілді.
Атырауда Жайық өзенінің жағалауы нығайтылып жатыр.
Атырау ардагерлері Атырау ардагерлері су тасқынының алдын алу тәсілдерін ұсынған еді.