Су тасқыны: азық-түлік бағасы өссе қайда хабарласу керек

АСТАНА. KAZINFORM – Су тасыған өңірлердегі сауда нысандарында көшпелі ревизия жүргізіліп, азық-түлік пен қажетті тауарлар қорлары тексерілді. Бұл туралы Сауда және интерграция министрлігінің ресми өкілі Әлия Абдрахманова мәлім етті.

Өзбекстан президенті азық-түлік импортына нөлдік мөлшерлеме мерзімін ұзартты
Фото: ortcom.kz

«Ұлттық статистика бюросының ақпаратынына сәйкес, барлық өңірде әлеуметтік азық-түлік бағасының өсуі байқалмайды. Министрлік су тасқынынан зардап шеккен 10 облыста азық-түлік тауарлары, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық түлікпен қамту жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Сауда нысандарында көшпелі ревизия жүргізілді, азық-түлік және ең қажетті тауарлар қорлары тексерілді», - деді Әлия Абдрахманова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Министрліктің ресми өкілі келтірген алдын ала деректер бойынша су басқан өңірлерде 80 сауда нысаны зардап шекті. (Павлодар облысында - 1, Қостанай облысында - 22, Ақтөбе облысында - 9, Атырау облысында - 35, Батыс Қазақстан облысында - 13 нысан). Қазір залал сомасы нақтылануда. Қалған өңірлерде жағдай тұрақты.

«Министрлік тұрақты негізде сауда желілерімен, үй жанындағы дүкендермен және көтерме сауда нүктелерімен өзара іс-қимыл жасайды. Күн сайын азық-түлік бағасына мониторинг жүргізіледі. Сонымен қатар ірі сауда желілерімен баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тауар, азық-түлік бағасының өсу фактілері анықталған жағдайда 8(7172)74-37-35 нөміріне хабарласуыңызды сұраймыз», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар