Су тасқыны: БҚО-да мал шығыны бойынша өтемақы қалай беріліп жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарынан шығынға ұшыраған мал иелеріне өтемақы беріліп жатыр.

Шығын
Фото: Kazinform

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Зұлқашевтің мәлім еткеніндей, облыс бойынша күні бүгінге дейінгі мәліметке сәйкес 2 342 бас малдың өлгені тіркелсе, соның 341-і – ірі қара, 63-і – жылқы, 1 741-і – қой-ешкі, 116-сы – шошқа, және 81-і – үй құстары.

Рүстем Мүлкәйұлының сөзіне қарағанда, алдын ала есеп бойынша мал иелеріне 187 млн 491,1 мың теңге зиян келтірілген.

«Қазіргі кезде өтемақы төлеу бойынша облыс әкімдігінің қаулысы дайындалып, аталған қаражат бөлінді. Қаржының 140 млн 162,1 мың теңгесі сәуір, 47,329 млн теңгесі маусым айына қарастырылды. Осы кезге дейін Сырым, Теректі, Қаратөбе және Бөрлі аудандарында 215 ірі қара, 732 қой-ешкі, 60 жылқы және 43 бас шошқа үшін 122 млн 341,8 мың теңге төленді», деді Р.Зұлқашев.

Оның айтуынша, шығын көлемі Ұлттық статистика бюросы жариялайтын ауыл шаруашылығы жануарларының түрлері мен жыныстық-жас топтары бөлінісінде жануарлардың нарықтық құны туралы деректер негізінде айқындалды. Мысалы, сүтті табын сиырының құны 429 607, бұқаның бағасы 460 394, етті сиыр 409 216, бұқасынікі 434 938 теңге көлемінде белгіленді. Сол секілді саулық қой – 55 987, қошқар – 58 486, ешкі – 30 322, жылқы – 503 888, шошқа (мегежін) 141 861 теңге болса, малдың төлдері үшін де өтемақы мөлшері анықталды.

Өңірде су тасқынына байланысты шығынға ұшыраған мал үшін өтемақы төлеу жалғасуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық суы БҚО-ның Ақжайық ауданында сай-саланы толтырып жатқанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар