Су тасқыны келер жылы да қайталана ма

Биыл көктемде болған су тасқыны еліміздің басым аймағын әбігерге салғаны белгілі. Мыңдаған үйді су шайып, мемлекет шалғайдағы халықты қауіпсіз жерге көшіруге мәжбүр болды. Бәрі қалпына келді, әйтсе де алдағы жылдары тасқынның қайталанбасына кепіл жоқ. Саладағы сарапшылар қандай болжам айтуда, дайындық жүргізіліп жатыр ма? Kazinform тілшісі осы тақырып төңірегінде талдау жасап көрді.

су тасқыны
Коллаж: Kazinform/ Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі/ akorda.kz

Кеңес заманынан кейін су қоймаларын салу бәсеңдеген

Алдымен табиғи апат кезінде маңызды саналатын су қоймаларының жағдайына тоқталып өтсек. Қазақстандағы су қоймаларының 33 пайызы 1950-1970 жылдары салынса, 48 пайызы өткен ғасырдың 70-90 жылдары тұрғызылған. Қазір ел аумағында барлығы 405 су қоймасы бар. Оның ең ескілері – 1910 жылы Алматы облысы Ащыбұлақ пен Терең-Қара өңірлерінде салынған. Ал 195 су қойма 1970-1990 жылдарға тиесілі.

су қоймалары
Инфографика: Kazinform

Бір қызығы, салыстыру ретінде айтар болсақ, сонау 1910-1920 жылдары Қазақстан аумағында 2 қойма салынса, 2000-2010 жылдары да бар болғаны 2 қойма салыныпты. Жалпы, су қоймаларын салу кеңес заманында қарқынды жүргізілген. Ал Тәуелсіздік жылдарында біршама бәсеңдегені көрінеді, нақтырақ, 1991 жылдан бастап 16-сы ғана салынған.

Алайда республикадағы 400-ден астам су қоймасын мамандар көп не аз деп бағалап жатпайды. Көктемде ірі су қоймаларының өзі кемерінен асқанына қарағанда, жеткіліксіз көрінеді. Салаға жауапты ведомствоның позициясы анық – қоймалар санын көбейту керек. Биыл қазанда Су ресурстары және ирригация министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының ережелерін қайта қарады. Елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұжырымдамада жаңадан 42 су қоймасын салу, 37 су қоймасын реконструкциялау және 14 мың шақырымнан астам суару каналдарын жаңғырту жайлы жазылған.

Қараусыз қалған бөгет көп

Су ресурстары және ирригация министрлігінің наурыз айындағы дерегінше, Қазақстанда ақауы бар гидротехникалық құрылысжайлардың (ГТҚ), бөгет-плотиналардың саны 537-ге жеткен. Бұлардың бәрі кезек күттірмей шұғыл жөндеуді талап еткен.

Бұл аз болса, тексеріс кезінде қолданыстағы 1 502 ГТҚ-ның ішінде 535-інің, яғни, үштен бір бөлігінен астамының тиісті техникалық құжаттары жоқ болып шыққан. Бұлар – мемлекет тарапынан еш бақылаусыз қалған объектілер саналады.

Ведомствоның хабарлауынша, аталған ГТҚ-лардың негізгі бөлігі коммуналдық меншікте. Сондықтан осы бөгет-плотиналар, каналдар мен су қоймаларының жай-күйін қадағалап, ақау анықталған жағдайда, оны жөндеуге әкімдіктер жауапты. Бірақ жергілікті биліктің мұндай міндеттемесін орындауына мамандарының штат саны жетпейді, қаражат тапшылығы да қолбайлау.

Жоғарыда айтылған 1 502 объекті тұрақты тексеруді талап етеді. Бұларға 405 су қоймасы, 247 дамба-бөген, 461 бөгет-плотина, 118 су тораптары, 271 тоған жатады. Анықталғандай, осы негізгі тірек ГТҚ-лардың ішінде республикалық меншіктегісі – 331, коммуналдық меншіктегісі – 936, жеке меншікке берілгені – 229. Ал тағы алтауы иесіз жатыр.

Көптеген ГТҚ өткен ғасырдан бері, 30-50 жылдан астам уақыт күрделі жөндеуден өтпеген, әліге дейін қолданыста тұрып қауіптілігі жоғары объектіге айналып кетті. Бөгендер, бөгеттер, су қоймаларының біразы жекеменшікке берілді. Мысалы, балық өсіріп, аулау үшін кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілген Ақтөбедегі Мағаджан су қоймасының плотинасына қажет күтім жасалмаған. Салдарынан 2024 жылдың 5 сәуірінде бөгет жарылып, Хромтау ауданындағы үш ауыл және Ақтөбеге жақын орналасқан саяжай қауымдастықтарын су басып қалды. Күйреп, 15,8 миллион текше метр суды төменге ағызып жіберген бөгет 1985 жылы қолднанысқа беріліп, күтім көрмеген.

Кем-кетіктің бірі су қоймалары иелерінің жауапкершілік алмауында, нақтырақ, жазаның тым жеңіл болуында секілді. Әкімшілік кодекстің қолданыстағы 299-бабының жаңа 359-1-бапқа ауыстырылған үшінші және төртінші бөліктері бойынша, яғни, «Бөгеттерді декларацияланатын бөгеттерге жатқызу өлшемшарттарына сәйкес келетін тежеуіш гидротехникалық құрылысжайларды қауіпсіздік декларациясы болмай пайдаланғаны» үшін 25 АЕК (92 300 теңге) ғана айыппұл салынады. Ең ауыр жазасы – әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанған жағдайда ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 АЕК (1 476 800 теңге) айыппұл арқалатады. Қазір бұл жазаны ауырлату бағытында жұмыстар істелуде, дегенмен айыппұл бірнеше есе өсіп қана қояды, яғни, қоймаларды қараусыз қалдырған иелеріне қылмыстық жауапкершілік көзделмейді.

Қазақстанға су қоймалары керек пе?

Биылғы тасқын сабақ болды ма, қазір су саласына жауаптылардың белсенділігін байқап отырмыз. Мысалы, Су ресурстары және ирригация министрлігі мен «Қазсушар» мамандары Нидерланд елінен келген ғалымдармен бірлесіп, тасқынды болжау, алдын алу бойынша тәжірибе жинақтап жатыр. Осы орайда біз Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Сәкен Әтелге сауал жолдаған едік. Оның айтуынша, келер жылғы су тасқынын болжау әзірге мүмкін емес.

Сәкен Әтел
Фото: Сәкен Әтелдің жеке мұрағатынан

– 2025 жылы тасқын бола ма, жоқ па – болжауға әлі ерте. Себебі қыс бойы жауған қардың мөлшері әлі анықталған жоқ. Көктемгі тасқын қаупі қыста қанша мөлшерде қар жауғанына, күн жылына бастағанда қаншалықты тез еритініне байланысты. Осыған қарамастан Су ресурстары және ирригация министрлігі көп жұмыстарды қолға алуда. Қазір өзендердің деңгейін бақылап, дамбалар мен су арналарын нығайту жұмыстары атқарылу үстінде.

Су қоймаларына қатысты жұмыстар істелуде. Орталық, Солтүстік, Шығыс пен Батыс Қазазқстандағы әрбір қойманың суын 70 пайызға дейін азайтып жатырмыз. Көпжылдық талдау нәтижесінде осы шешімге келдік. Қоймалардың жұмыс режимін «Қазгидромет» гидрологиялық болжамдарды бергеннен кейін түзетеміз, – деді маман.

Осыған дейін бұл мәселе талай рет айтылды, жазылды. 2021 жылы академик Мәлік Бөрлібаев бізге «су қоймалары табиғи процестерді бұзады» деп айтып қалғаны есте. Кейбір елдердің қоймаларды керісінше бұзып жатқанын арагідік оқыдық. Сәкен Әтелге де мазалаған тақырып жөнінде айтқан едік.

– Кейбір елдерде экологиялық мәселелерге байланысты су қоймаларын бұзу үрдісі бар. Дегенмен Қазақстанда қоймалар тепе-теңдікті сақтауға, табиғатты қорғау мен инфрақұрылымды жақсартуға қажет болып тұр. Әр су қоймасы салынарда мамандар оның қоршаған ортаға әсерін бағалайды. Бұл процесс экожүйені қорғау мен қалпына келтіруде маңызды.

Қазір су қоймалары заманауи технологияларды қолдана отырып, экологиялық стандартпен салынады. Су тапшылығы болғанда ауыл шаруашылығын сақтап қалуға, тұрғындарды сумен қамтамасыз етуге пайдаланылады. Өзендердің ағысы сол арқылы реттеледі, көктемгі тасқында бұл өте қажет нәрсе. Сондықтан Қазақстан үшін су қоймаларын салу әзірге қай жағынан алып қарасақ та тиімді, – деп толықтырды ол.

Маманның сөзінше, су тасқыны табиғи циклдың бір бөлігі ретінде қайталанып тұратыны рас. Қардың еруі мен жауын-шашынға байланысты өзендердегі су деңгейі күрт артады. Мамандар тасқынның алдын алу мақсатында биыл 7 облыста жаңа қорғаныш дамбаларын салған екен. Қарағанды мен Павлодар облысында халықты тасқыннан қорғау үшін 30 шақырымнан астам дамбалар тұрғызылыпты. Бұдан бөлек, биыл 1200 шақырым өзен арнасы тазартылып, 78 шақырым аумақ тереңдетілген.

Қай болжамның да дәлдігі жоқ

Жалпы, бір қарағанда елімізде гидрология саласына қатысы бар ғылыми ұйымдар көп секілді. Соның бірі – «География және су қауіпсіздігі институты». Орталықтың басқарма төрағасының орынбасары Саят Әлімқұловпен байланысып, тасқын тақырыбына қатысты сұрақтарымызды қойып көрдік. Алайда маман мәселенің айтарға жеңіл дүние емесін жеткізді.

Саят Әлімқұлов
Фото: Саят Әлімқұловтың жеке мұрағатынан

– Су тақырыбына келгенде дәл болжам жасаудың мүмкіндігі жоғын ешкім ескермейді. Күзде жаңбыр жауады, қыста жер қатып, қар жауып, ол көктемде еріп үлгермей жатып қайта жауынға бөгеді. Одан бөлек, табиғи процестерде бір ерітіп, бір қайта қатырып отырады, түрлі жылымықтар бар. Көктемдегі су ағынына күн сәулесінің де әсері тиеді. Міне, мыңдаған фактордың араласуымен көктемдегі жағдай түзіледі. Оның әрқайсысын дәлдікпен болжап отыру мүмкін емес. Үш күн бұрынғы болжамның өзінің дәлдігі 70 пайыздан аспайды.

Дүниежүзілік гидрометеорологиялық орталықтың өзі бұл жағдаймен жақсы таныс. Олар күзде немесе қыста алдағы көктемнің қалай болатынына болжам бермейді. Қорытындыларын көктем келгенде ғана жариялайды.

Біз тасқынның алдын алғымыз келеді. Ол үшін ең бастысы қауіп-қатерді бағалауымыз керек. Қазақстанда ықтимал су таситын аймақтар көрсетілген карта бар. Оны ғылыми негізде ғана түсіндіре аламыз, – деді С. Әлімқұлов.

Басқа да мүмкіндіктер ескерілмей жатыр

Негізі салаға қатысты біз білмейтін дүние көп. Ғарыштағы Жерді қашықтықтан зондтау серігінің түсірген суреті арқылы су тасқынына болжам жасап, қауіп-қатеріне мониторинг жасауға болады. Бұл – Жерді қашықтықтан зондтау ғылымының интеллектуалды есебі деп аталады. 2014 жылдан Жер орбитасында жүрген KazEOSat-1 жерсерігінің мүмкіндігі шектеулі. Дегенмен су тасқыны болатын ошақтарды дәл көрсетіп бере алады екен. Шамасы, әкімдіктер KazEOSat-тың мүмкіндігін пайдаланбай отырған сыңайлы. Әйтпесе «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы жерді, соның ішінде Қазақстан аумағын күнде суретке түсіріп отырады.

Суреттер Төтенше жағдайлар қызметіне тегін беріледі. Ал басқа мүдделі органдарға тапсырыс беру арқылы алады. Фотолардан қай маңда қар бар немесе жоғын анық көруге болады.

ғарыштан түсірілген сурет
Фото: Қазғарыш сайтынан. Қазсат 2 түсірген Есіл өзенінің суреті.

Су тасқынын болжау мәселесінде «Қазгидромет» ұжымының да рөлі маңызды. Тақырыпты қозғау кезінде біз мекемеге байланысқа шығып, мамандардың көзқарасын білмекке талпынған едік. Баспасөз қызметі су тасқынының алдын ала болжамы 2025 жылдың 5 ақпанында берілетінін мәлім етті. 

Сонымен, 2025 жылы су тасқыны қайталана ма – әзірге ешнәрсе анық емес. Алайда аз да болса дайындықтың, алдын алуға қамдану әрекетінің барын білдік. Алдағы уақытта біз мәселені жылы жаппай, облыс әкімдіктеріне хабарласып, дайындықтарын бағамдайтын боламыз.

Соңғы жаңалықтар