Су тасқыны кезеңіне дайындық: елімізде 69 гидротехникалық нысан жөнделіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов су нысандарын қорғау шаралары, заңсыз су алу фактілерімен күрес нәтижелері және су тасқынына қарсы іс-шаралар жөнінде айтты.

гидротехникалық нысан
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде комитеттің бассейндік су инспекциялары гидротехникалық нысан иелеріне су тасқынын қауіпсіз өткізу үшін қажетті іс-шараларды жүргізу бойынша ұсыныстар беріп жатыр. Бұған реконструкция, жөндеу жұмыстары және құрылыс-монтаж жұмыстарына арналған жобалық-сметалық құжат әзірлеу де кіреді.

Министрлік мәліметінше, қазіргі уақытта 69 гидротехникалық нысанда меншік иелері реконструкция, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Абай облысындағы Шар су қоймасында және Шымкент қаласындағы Ақжар су қоймасында күрделі жөндеу аяқталды. Ақтөбе, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында 24 нысан жөнделді. Күрделі климаттық жағдайларға қарамастан, 2025 жылғы вегетация кезеңінің қорытындысы көрсеткендей, ел бойынша жалпы 1,2 млн гектар егістік алқап суарылып, су алу көлемі 11 млрд текше метрден асты. Бұл көлемнің 98%-ы Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарына тиесілі.

Қазіргі уақытта еліміздің оңтүстігіндегі су қоймалары су жинау режимінде жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері судың «қара нарығымен» күрес мақсатында бассейндік су инспекциялары 463 тексеріс жүргізіп, оның нәтижесінде заңбұзушылықты жою бойынша 143 нұсқама берілді. Сондай-ақ 801 әкімшілік айыппұл салынды. Оның ішінде 346-сы өз бетімен су пайдаланғаны үшін.

Жаңа Су кодексін іске асыру мақсатында комитет 22 нормативтік-құқықтық акт әзірледі. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, елді мекендердің аумағындағы су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Қазіргі таңда бассейн инспекциялары мен әкімдіктер су қорғау аймақтары мен белдеулері белгіленуі қажет жерүсті су нысандарының тізімін жасап жатыр. Тиісті жобаларды әзірлеу басталды.

Бұдан бөлек, 2025-2027 жылдарға арналған елді мекендерге жақын орналасқан өзендердің су тасқыны қаупі жоғары учаскелерін қалпына келтіру бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Тазалау және тереңдету үшін Қазақстанның он облысында жалпы ұзындығы 815 шақырым болатын 51 өзен мен бір көлдің учаскелері айқындалды.

Комитет мемлекеттік су кадастрын әзірлеп, жария етті. «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ-мен бірлесіп Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінің есептерін толтыру және қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

- Бассейндік су инспекцияларының материалдық-техникалық базасы жақсартылды. Арнайы техника мен автокөлік паркі жаңартылды. Министрлік пен Германияның халықаралық ынтымақтастық қоғамы арасындағы келісім аясында жаңа компьютерлік техника алынды. Он әкімшілік ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл атқарылған шаралар инспекциялардың тиімді жұмыс істеуі мен олардың функцияларын сапалы орындауына қажетті жағдай жасады, – деді Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов.

Айта кетейік, СҚО-да су тасқынынан қорғайтын бөгеттер қайта жаңартылып жатыр.

2026 жылы 109 шақырым өзен арнасы күшейтіледі.

Соңғы жаңалықтар