Су тасқыны: Қызылқоға ауданында зардап шеккендердің шығыны толығымен өтелді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Қызылқоға ауданында Ойыл өзені тасып, бірнеше елді мекенге қауіп төнді. Су басу қаупін сейілту үшін жол жырылып, бөгет тұрғызылды.

Қызылқоға аудандық әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, тасқын судың салдарынан шаруашылық жетекшілеріне келтірілген шығын толық өтелген.
«Табиғи сипаттағы төтенше жағдайдан зардап шеккендерге келтірілген зиянды бағалау және өтеу жөніндегі комиссияға мал шығыны бойынша 70 өтініш түсті. Комиссияның қорытындысымен 58 шаруа қожалығы мен жеке тұлғалардың 191 малы үшін бюджеттен және өзге көздерден 61 млн 772 мың 062 (алпыс бір миллион жеті жүз жетпіс екі мың алпыс екі) теңге өтемақы төленді», - деп хабарлады аудандық әкімдіктен.
Сондай-ақ, арнайы құрылған комиссияға су тасқынынан зардап шеккен 31 тұрғын үй иесі өтініш берген. Оның ішінде 7 тұрғын үй құжаттарының жоқ болуына байланысты кері қайтарылған. Ал, 24 өтініш қанағаттандырылып отыр.
«Аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың тікелей бақылауымен тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың өтінішіне орай шығынды бағалауға техникалық бағалаушылар тартылды. Техникалық қорытындыға сәйкес 6 тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі анықталды. Ал, 18 тұрғын үй апатты деп танылды. Аудан әкімі бағалау жүргізуші мамандардың қорытынды хаттамаларын тұрғындарға таныстырды. Төрт тұрғын үй сұрады. Бағалау нәтижесімен 20 тұрғынға бүлінген үй үшін қаржы бөлініп, толық өтелді», - деп мәлім етті аудандық әкімдіктен.
Қазір Қызылқоға ауданындағы Қоныстану ауылында 3 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, Миялы ауылында 1 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу басталды.
Еске сала кетелік, Жылыойда су тасқынынан бүлінген нысандарды қалпына келтіруге 21,4 млрд теңге керек екенін жазған едік.