Су тасқынынан зардап шеккен 17 мыңнан астам отбасының баспана мәселесі шешілді – Президент
АСТАНА. KAZINFORM – Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 17 мыңнан астам отбасының баспана мәселесі шешімін тапты. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру үшін ауқымды жұмыс жүргізілуде. Осы мақсатта «Отан», «Наурыз» және «Асыл мекен» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары ашылды. Сондай-ақ көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 17 мыңнан астам отбасының баспана мәселесі шешімін тапты», - деді Президент.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешеніне жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын баса айтты.
«Негізгі мақсатымыз – ауыл шаруашылығының дамуына серпін беру. Бүгінде Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі индексіндегі еліміздің көрсеткіштері жақсарып келеді. 2022 жылы осы рейтингте 32-ші орынға шықтық. Қазақстан ТМД елдері ішінде көш бастап тұр. Бірақ жайбарақат отыруға болмайды. Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей байланысты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетейік, Астанада ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің форумы өтіп жатыр.