Су тасқынына мүдделер қайшылығы себеп болды ма

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл су деңгейінің көтерілуі салдарынан еліміздің бірқатар өңірлерінде қауіпті жағдай орын алды. Осы орайда тұрғындардың баспанасы мен инфрақұрылымдық жүйеге шығын келді. Жыл өткен сайын төтенше жағдайдың алдын алу әрекетінің өзектілігі артып келеді. Осы мәселе Мәжілістегі «Халық коммунистері» депутаттық фракциясы өткізген «Қазақстанның су қорларын тұрақты басқарудың шаралары» атты ашық отырыста қызу талқыланды.

Су тасқынына мүдделер қайшылығы себеп болды ма

Мүдделер қайшылығы

ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев елімізде су саласындағы негізгі проблемаларды атап көрсетуге тырысты. Оның пікірінше, бұл мәселеге өзара іс-қимылдың жүйесіздігі ықпал етіп отыр.

«Су көп болса, қауіп төнеді, ал су тапшылығы орын алса, онда қатер күшейе түседі. Яғни, осы екі аралықта бір ортаны ұстап тұру қажет. Бұл салада бірінші кезекте дәйекті болжам керек. Гидромет комитеттің (Су ресурстары комитеті) құрамында болуы тиіс. Атап айтқанда, «Қазгидромет» жұмысының 80 пайызы ылғалға, жауын-шашынға, қардың түсуіне байланысты. Су ресурстары комитеті көпшілік жағдайда қардың, судың мөлшері және оған қатысты басқа да мәліметтерді білмей жатады. Бір сөзбен айтқанда органдар арасында нақты өзара іс-қимыл болмай тұр», - дейді Әбішев.

Осы орайда ол «Қазгидромет» толық қаржыландырылмай отырғанын атап өтті. Оларда көптеген құрылғылар мен нысандар болуы тиіс, алайда тиісті деңгейде жабдықталмаған.

«Бұрындары осының барлығы бір жүйеде қамтылған еді. Екіншіден, бөгеттердің белгілі бір бөлігі ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің қарамағында. ТЖК мамандары бізге «суды жіберіңдер» дейді, ал біз өз кезегімізде суды жібермейтіндігімізді айтамыз, себебі жазда су тапшылығынан қуаңшылық болады. Сондықтан осының барлығын оларға немесе бізге беру керек. Атап айтқанда, басынан аяғына дейін біреуіміз ғана жауапты болуымыз қажет. Ал бізде барлығы жартылай құзыреттілікпен шектелген», - деді Комитет басшысы.

Өз кезегінде бұрындары ҚР Төтенше жағдайлар министрі қызметін атқарған, ал қазір Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің су деңгейі көтерілген кезде су қоймасын босатуға қатысты іс-қимылын айта келе комитет жұмысын сынға алды.  

«Ислам Алмаханұлы, сіздерге қыс бойы (Төтенше жағдайлар комитеті) «суды жіберіңіздер, қар көп болады» деп көндіруге тырысты. Алайда айтқан уәжге құлақ аспадыңыздар. Кейін Астанаға Вячеславка су қоймасынан секундына 1,2 мың текше метр суды жібере бастадыңыздар (...)  Сырдарияда не болып жатқанын қараңыздар. Ақпанның өзінде Көксарайды толтыртқызуға мәжбүрледіңіздер. Сырдария бойымен секундына 1,2 мың текше метр ағыс болғанда, Көксарай толып тұр. Ол суармалы егістіктерге емес, төтенше жағдайға жол бермес үшін арналған», - деп нақтылады Божко.

Оның пайымынша, су тасқынына арналған нысандарда балық өсіру үшін тоғандарды құруға жол берілмеуі тиіс.

Гидротехникалық нысанның мамандары тапшы

Ислам Әбішевтің сөзіне қарағанда, республикалық меншіктегі барлық 1 900-дан астам нысан бойынша су тасқынына қарсы шараларға 273 млн. теңге жұмсалады.  Атап айтқанда, республикалық меншіктегі гидротехникалық нысандардың кесірінен ешбір су басу немесе басқа да қатер болған емес.

«Алдағы уақытта да солай болсын деп тілейміз, себебі су саласындағы мамандар бұрыннан қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі адамдар. Олар өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды», - деп тоқталды Әбішев. Осы орайда ол саладағы мамандардың еңбекақысы төмен болғанымен, олар қызметтерін ары қарай жалғастырып жатқанын атап өтті. Су жолын бақылаушы маманның еңбекақасы шамамен 35-40 мың теңге көлемінде екен.

Бұдан бөлек И. Әбішев халықтың өміріне және экономикаға қауіп төндіретін иесіз су қоймалары жоқ екенін жеткізді.

«Иесіз немесе қараусыз тұрған қандай да бір шағын тоғандар бар, алайда олар да қатерлі емес», - деп нақтылады комитет басшысы.

Өз кезегінде су заңнамасы бойынша тәуелсіз сарапшы Анар Тілеулесова су шаруашылығы құрылыстарын жалға және сенімгерлік басқаруға беруге ұсынуға қарсы екенін қадап айтты.

«Бұл тетік сенімнен әбден шыққан. Бізде су тасқыны соңғы үш жылда ғана емес, 2010 жылдан бері орын алуда. Естеріңізде болса, Қызылағаш, кейін Жамбыл облысындағы оқиғалар, содан соң Оңтүстік Қазақстан облысында, кейіннен солтүстік өңірлерде бұл проблемалар көрініс тапты. Осының барлығы жергілікті жерлерде бейінді мамандардың тапшылығынан қайталанып отыр. Біздің ЖОО-лар гидротехникалық нысан жайында, жерасты немесе жерүсті  сулары туралы білетін білікті мамандарды даярламай жатыр. Білікті соңғы мамандар зейнет жасындағы адамдар», - деді Тілеулесова.

Бұдан бөлек ол 1993 жылы қабылданған Су кодексі жыл сайын өзгерістерге тап болып отырғанын сынады.

«Бірнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Менің ойымша, жылына заңнама бірнеше өзгертілсе, бұлай жұмыс істеу мүмкін емес. Барлық өзгертулер су нысандарының пайдасына емес, негізінен Су ресурстары комитеті мен оның жергілікті жерлердегі органдарына жаңа жүктемелерді енгізуге бағытталған. Ең қызығы, жүктеме артқанымен, штаттық құрамды арттыруға, техникалық жабдықталуға мән беріліп отырған жоқ», - деп түйіндеді сөзін маман.

Қазгидромет кінәлі ме?

Анар Тілеулесованың сөзіне қарағанда, су пайдаланушылардың міндетіне бұрындары мониторинг кірсе, ал бүгінде бұл міндет жоқ, яғни тек мемлекеттік мониторинг бар.  «Ал бізде мемлекеттік монитрингті «Қазгидромет» жүргізеді, онда еліміз бойынша 307 бекеті қамтылған. Осы орайда бізде қанша су нысандары бар? Олар мониторинг жүргізуге қауқарсыз.  Жаңа ғана Әбішев мырзадан (АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы)  су көлемі қандай болатындығы сұралды. Алайда бұл көрсеткіштер мен болжамдарды гидромет хабарлауы тиіс», - дейді сарапшы.

Оның пайымынша, бүгінде гидромет мәліметтеріндегі кемшілік жоғарылап отыр.

Айта кетейік, бұның алдында ҚР Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин Қазгидромет биылғы су тасқынын дұрыс болжай алмағандығын айтқан болатын. 

Дегенмен Қазгидромет Ішкі істер вице-министрінің сынына жауап берген еді. 

Қазгидромет мекемесінің Гидрология департаментінің директоры Дидар Жәнібекұлы Қазақстанда су тасқынын болжайтын бекеттер тапшы екендігін жеткізді.  Департамент басшысының сөзінше, елімізде 328 метеорологиялық станса, 307 гидрологиялық бекет бар. Ал Бүкіләлемдік метеорологиялық ұйымның жасаған зерттеуі бойынша, Қазақстанда ол бекеттердің саны кемінде 800 болуы тиіс екен. «Дегенмен бізде арнайы бағдарлама қабылданды. Алдағы уақытта кезең-кезеңмен гидро, мете және эко стансалар саны арттырылады», - деді сол кезде Д. Жәнібекұлы.