Су үнемдеу технологияларын субсидиялауға бөлінетін қаражат 4 есе ұлғайтылды

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жыл Қазақстанның су шаруашылығы саласын дамытуда айрықша маңызға ие болды. Су ресурстары және ирригация министрлігі 12 айдың қорытындысын 10 негізгі көрсеткіш арқылы ұсынды.

Қазақстанда шамамен 85 мың гектар жер су үнемдеу технологиясымен суарылады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Вегетация кезеңінде тұрақты суаруға 11,1 млрд текше метр су алынды. Ауыл шаруашылығы құрылымында бұл көлем саланың жалпы ішкі өнімінің 30 пайызына дейінгі үлесін қамтамасыз етті. Егіс алқаптарына су беруді жақсарту және экологиялық мақсаттағы су жіберудің тиімділігін арттыру мақсатында 1840 км ирригация каналдары механикалық тазалаудан өтті.

Су үнемдеу технологияларын қолдану аумағы 543,5 мың гектарға жетті. Осылайша, Мемлекет басшысының жыл сайын шамамен 150 мың гектар жаңа алқапта су үнемдеу жүйелерін енгізу жөніндегі тапсырмасы орындалып жатыр. 2026-2028 жылдарға су үнемдеу технологияларын енгізуді субсидиялауға бөлінетін қаражат 4 есе ұлғайтылды. Бұл шара шаруаларды заманауи суару жүйелеріне көшуге ынталандыруға бағытталған.

237 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіліп, сумен қамту сапасы жақсартылды. Жалпы алғанда, 2025 жылы 449 мың адам сапалы ауыз суға қол жеткізді. 

Су шаруашылығы саласының негізгі капиталына 579 млрд теңге инвестиция тартылды. Келесі жылы Ислам даму банкімен су қоймалары мен каналдарды салу және реконструкциялау бойынша бірлескен жобаның алғашқы кезеңі іске асырыла бастайды. «Қазсушар» қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға дейін артты. Бұл шара су шаруашылығы саласына қызығушылықты арттырып, кадрлық әлеуетті күшейтуге бағытталған.

«Қазсушар» филиалдарына 576 жаңа арнайы техника берілді. Бұл техникалар су шаруашылығы нысандарын салу, жөндеу және тазалау жұмыстарында белсенді қолданылып жатыр.

Су шаруашылығы саласының 1000-нан астам маманы Қазақстанда және шетелде біліктілігін арттырды. Олардың ішінде 125 маман Қытай кәсіпорындарында оқудан өтті. ҚХР-мен бірлескен бағдарламаны жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді.

Қоғамда су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған акцияларға 2 миллионнан астам оқушы қатысты. Қазақстан бойынша су үнемдеу тақырыбында ашық сабақтар, балалар арасында сурет байқаулары, эко-жарыстар және өзге де іс-шаралар ұйымдастырылды.

Бұдан бұрын Бозымбаев Су ресурстары министрлігі судың «қара нарығын» жою іс-шаралары жоспарын әзірлеуі тиіс екенін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар