Суатқа қасқыр мен құландар келген cәт фототұзаққа түсіп қалды

АСТАНА. KAZINFORM – «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде фототұзақ ерекше сәтті тіркеді. 

ф
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Бір суатқа қасқыр мен құландар қатар келген. Қасқыр — құланның табиғи жауларының бірі. Видеодан жануарлардың бір-бірін байқап, сақтықпен бақылап тұрғанын көруге болады.

Соған қарамастан, олар суаттан бірден кетпей, белгілі бір арақашықтықты сақтап, су ішуін жалғастырған.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәліметінше, мұндай жағдайға аптап ыстық әсер етуі мүмкін. Ыстық күндері суға деген қажеттілік артып, әдетте бір-бірінен алшақ жүретін жануарлар да бір суат басында кездесіп жатады.

Бұл жолы фототұзақ табиғаттағы осындай күтпеген кездесуді кадрға түсірді.

Бұған дейін Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде фототұзаққа марал түсіп қалғанын жазған едік.