Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру қағидаларына енгізілген өзгерістер неліктен тоқтатылды

АСТАНА. KAZINFORM — Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру қағидаларына енгізілген өзгерістер осы жылдың 1 сәуіріне дейін уақытша тоқтатылды. Мұның себебін Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева түсіндірді. 

жұмыспен қамту, құжатпен жұмыс
Фото: Астана әкімдігі

— Субсидияланатын жұмыс орындары, оның ішінде қоғамдық жұмыстар, ауылдың жұмыссыз тұрғындарын қолдаудың маңызды құралы болып қалуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі субсидияланатын жұмыс орындарының тиімділігін арттыру, оның ішінде жалған жұмыспен қамтуды болдырмау, бюджет шығысын оңтайландыру мақсатында 2025 жылы субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер енгізді. Өзгерістер Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі анықтаған заң бұзуды алдағы уақытта болдырмау, бюджет қаражатын жымқыру фактілерінің алдын алу мақсатында қабылданды, — деді вице-премьер.

Оның мәліметінше, аталған бұйрықпен:

— субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастырғысы келетін жұмыс берушілерге қойылатын талаптар күшейтілді;

— жұмыс берушілердің түрлері бойынша қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру үшін құрылатын уақытша жұмыс орындарының шекті мәндері белгіленді;

— жұмыс берушілердің субсидияланатын жұмыс орындарын аяқтаған азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша жауапкершілігі бекітілді;

— еңбек мобильділігі орталықтарының «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациямен субсидияланатын жұмыс орындарына қатысушыларға жалақы төлеу бөлігінде өзара іс-қимыл жасау тәртібі айқындалды.

— Енгізілген өзгерістерге қатысты кейбір үкіметтік емес ұйымдар, Маңғыстау облысы, Алматы қаласындағы жұмыссыздар тарапынан түсінбеушілік болды. Осыған байланысты 2026 жылғы 6 қаңтардан бастап енгізілген өзгерістердің қолданысы 2026 жылғы 1 сәуірге дейін уақытша тоқтатылды. Қазіргі таңда субсидияланатын жұмыс орындары бұрынғы шарттар бойынша ұйымдастырылып жатыр. Еңбек министрлігі енгізілген өзгерістер бойынша халық арасында белсенді ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, — деді Аида Балаева.

Бұған дейін еліміздің ауылдарындағы ресми жұмыссыздардың саны 162,3 мың адам екенін жазған едік

Соңғы жаңалықтар
Референдум