Субсидиялау шаруаларға қандай жаңа мүмкіндіктер береді — депутатпен сұхбат
АСТАНА. KAZINFORM — Ертең депутаттар Жоғары аудиторлық палатасының ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген қаражатты пайдалану тиімділігі жөнінде есебін тыңдайды. Аудит АШМ-де және оның бірнеше облыстағы аумақтық бөлімшелерінде жүргізілді. Осы орайда Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті төрағасы Серік Егізбаевпен сұхбат құрдық.

− Серік Рахметоллаұлы, субсидиялау саласында қандай жүйелік кемшіліктер бар деп ойлайсыз? Оларды шешу үшін заңнамаға қандай нормалар ұсынасыздар?
− Біз субсидиялар жөніндегі заңнамаларға, нормативтерге өзгеріс енгізе алмаймыз, бұл Үкімет деңгейінде министрліктің нормативтерімен бекітілетін ережелер. Ертең Жоғары аудиторлық палатаның үшінші есебін тыңдаймыз. Ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялар — елдегі талқыланып жатқан ең өзекті мәселелердің бірі болғасын, Мәжіліс бюросы осы есепті тыңдау жөнінде көктемде шешім қабылдады. Жоғары палата жазда тексеру жұмыстарын жүргізді. Әрине депутаттардың да Ауыл шаруашылығы, Экономика, Көлік министрлеріне қоятын сұрақтары бар. Тұтас жүйе болғасын, жетістіктері де, кемшілігі де болады. Ең бастысы — субсидия жүйесінің тиімдігі бар-жоғын анықтау. Жоғары палатаның өзі бір бағыттарда тиімділік бар дейді, кейбір бағыттың тиімділігі төмен немесе тіпті жоқ екенін көрсеткен, кейбір субсидия бойынша қылмыстық іс қозғау да ұсынылған. Оны құзырлы органдар қарайды.
Жоғары аудиторлық палатаның кей тәсіліне де сұрақтарымыз бар. Палата есебінде «ірі шаруа қожалықтары субсидияны көп алады, шағын және орта шаруашылықтар тыс қалды» деген қорытынды бар. Осыны зерттеп қарағанымызда ҚР АШМ ережесінде еш шектеу қойылмағанын көрдік, яғни шағын, орта, ірі шаруашылықтың бәріне ереже бірдей.
Сосын субсидия берілген отандық ірі құс шаруашылығының өнімдері экспортпен шетелге сатылды деген тұжырым бар. Оны да тиісті мамандардан сұрағанымызда еттің мұз боп қатырылған және салқындатылған түрлері барын, олардың сапасы да, денсаулыққа әсері де екі түрлі екенін білдік. Оларды бөлек қарастырған жөн. Жалпы 2019-2020 жылдары отандық өндірушілер құс етіне қажеттіліктің 45 пайызын ғана жабатын, шетелден мұз боп қатырылған тауық еттері келетін. Кейін субсидиялар беріліп, көптеген құс фабрикасы ашылды. Құс етімен қамту 45-тен 73 пайызға көтеріліп, елімізде қатырылған емес, салқындатылған балғын еттер сатыла бастады. Құс өсірудің де 38 күндік циклі болады, яғни 38 күннен асып кеткен құс еті жарамсыз болып қалады. Сондықтан ішкі нарықта өтпеген ет экспортқа жіберіледі, бұдан қорықпау керек. Көтерме және бөлшек сауда бағаларын, арадағы делдалдар жұмысын, түпкілікті бағаға әсер ететін факторлардың бәрін ескерген жөн.
− Субсидияның қажеттілігі қанша деген сұрақ та туындайды. Көпшілігі субсидия қаражатын «майшелпек» деп ойлауы мүмкін, бірақ онсыз елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қорғау қиын ғой?
− Мысалы, елімізде шаруаларға жылына 400 млрд теңге субсидия беріледі. Біз Еуразиялық экономикалық одақ құрамындамыз және ондағы мүше елдердің үкіметі ауыл шаруашылығына 8,5 пайызға дейін көмек көрсету жөнінде уағдаласқан. Ресей мен Беларусь шаруаларына 10-12 пайызға дейін көмектесіп, тіпті ЕуразЭҚ ережесін бұзып отыр. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 5 пайыздан аспайды. Сондықтан қазір беріп жатқан қаражаттың өзі жеткіліксіз деуге болады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сәйкес, еліміз ең алдымен құс еті және сүзбе-ірімшік өнімдері бойынша импортқа тәуелді. Сол себепті 800 мың тоннаға дейін сүт импорты келіп жатты. Соны азайту үшін солтүстік өңірлерде сүт-тауарлық фермалар мен құс фабрикалары ашылды, соның арқасында көрсеткіштер біршама жақсарды.
Бәлкім шағын фермерлерге ақпарат пен үгіт-насихат жетпей жатқан шығар. Қазір субсидияны жергілікті атқарушы орган үлестіреді. Өңірлерге барғанымызда көптеген фермерлер Үкімет пен министрліктердің қандай бағдарламасы барын білмейтінін көрдік. Яғни, жергілікті әкімшіліктің ақпараттандыру жұмыстары төмен екеніне көзіміз жетті.
Сосын 400 млрд теңге субсидияның жартысына жуығы қаржы құралдарына, лизинг пен несиеге жұмсалған. Яғни, шаруалар банкке барып, 22 пайызбен несие алады, үшжақты келісім жасалады, ауыл шаруашылығы басқармасы 6 пайызына дейін өтегенде, банктер табыс тауып отырған. Оны субсидия деп санау дұрыс емес. Енді биыл 29 қарашада Президент тапсырмасымен шаруаларға жеңілдетілген 5 пайызбен несие беру басталды. Бұрындары көктемгі жұмыстар үшін субсидия беру ақпан айында басталса, биыл Үкімет шешімімен қарашадан бастап өтінімдер жинала бастады.
− Соңғы жылдары экологиялық таза ауыл шаруашылығына, экспортқа шығарылатын өнімдерге, шағын фермерлік шаруашылықтарға басымдық берілді. Субсидия төлеудің жаңа жүйесі ұсақ шаруа қожалықтарына қандай мүмкіндік береді?
− Жоғарыда айтқанымдай, аграрлық секторға қолдау көрсету барлық меншік формалары үшін қолжетімді, еш шектеу қойылмаған. Мысалы, биыл рекордты көлемде егін жиналды, фермерлер оны сатуда қиналмауы үшін Үкімет белгілі бір шектеу енгізді. Яғни, ірі шаруашылықтардан шектеулі көлемде ғана сатып алып, қалғанын — орта және шағын шаруашылықтардан алады. Мұндай саралап-жіктеу бұрын қолға алынбаған еді.
Яғни, шағын фермерлер субсидия алу үшін сапалы тұқым, тыңайтқыш, гербицидтер алуы керек. Сонда сапалы тұқым егіп, мол өнім алып, кәсібін кеңейтер еді. Бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып жатқан шағын шаруашылықтар да жетерлік.
Бұған дейін атап өткен 5 пайыздық несие де — үлкен қолдау деп есептеймін. Енді бұл несиелердің мерзімін 16 айға дейін ұзарту керек. Бұрын шаруалар көктемгі егу жұмыстарына қаражат таппай, қарызға батып, күздігүні бидайды арзан бағаға сатып, мол табыс ала алмайтын. Биылдан бастап, арзандатылған несие алып, егін науқанын тас-түйін дайындықпен бастайды.
Үшінші айта кетерлік жайт — ұсақ, орта шаруалар несие аларда кепілге мүлік таппайтын. Көпшілігінде ескі үй мен ескі техника болатын. Енді Үкімет бұл несиелерге 85 пайызға дейін кепілдік береді. Яғни, мемлекет барынша қолдау көрсетуге тырысып жатыр.
− Мемлекеттен миллиондап субсидия алатын АӨК нысандарына баға белгілеу, жерді тиімді игеру, тың технология тарту, қаржылық операцияларын цифрлық ашық жүйеге көшіру бағытында міндеттемелер жүктеу керек деп ойламайсыз ба?
− Дұрыс айтасыз, «екіжақты міндеттемелер» ұғымы енгізіліп жатыр. Қаражатты берген соң, жерді дұрыс пайдалану, еңбек өнімділігін арттыру, әрбір берілген теңгеге 3-5 теңгеге артық өнім шығару секілді жауапкершілігі де болуы керек.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының жылдық жалпы өнім көлемін екі есеге арттыруды тапсырды. Бұл да субсидия талаптарына енгізіледі. Бірінші жылы жалпы өнім көлемі артпаса, тағы бір жыл уақыт беріледі. Ал егер екі жыл қатарынан өспесе — субсидия берілмейді. Баға жөнінде шаруаларға еш талап қоя алмаймыз. Араға делдалдар түскендіктен, нағыз бейнеттенген, еңбектенген шаруалар өнімін онсыз да арзанға беруі мүмкін. Әйтсе де мемлекеттік қолдауды арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдері көптеп шығарылса — баға өздігінен-ақ нарыққа сәйкес реттеледі. Сол үшін ең басты қолдауды шаруаларға көрсету керек.
− Субсидия саласындағы ашықтықты қалай қамтамасыз ете аламыз? Аграрлық салада белсенді болған Алмасбек Садырбайдың ұсталуы тосын жайт болды.
− Мұның басты жолы — цифрландыру. Қазір де субсидия беретін мемлекеттік ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Онда бәрі автоматтандырылған, өтінім берушілер мен кімнің қанша субсидия алғаны ашық жазылып тұр. Бірақ фермер өтінім толтырғанда ұсынылатын құжаттар мен деректер үшін жауапкершілікті толық мойындайтынын жазады. Кооперативтер ортақ субсидияны бөлісуі — өз жауапкершіліктерінде. Көптеген салада бұзушылықтар болуы мүмкін, дегенмен цифрлық технологияларды жетілдіру, салық органдарымен біріктіру, интергация жасау жұмыстарын жүргізу қажет.
− Жердің космомониторингтеу жұмысына көңіліңіз тола ма? Мал шаруашылығындағы жайылым тапшылығын жою үшін қандай қосымша заңнамалық актілер енгізу керек?
− Қазақстанның аумағы кең-байтақ, жер бәріне жетер еді. Бірақ ауыл адамдары өз ауласынан алысқа барғысы келмейді. Кез келген ауылдан 10-15 шақырым ұзап шықса, жайылым табылар еді. Қазір малшы табу да қиындап кетті. Ауыл болып бірігіп, бір малшыны сайлап, ақысын уақытылы төлесе, 8-10 шақырымға дейін бағып әкелер еді.
Өткен жазғы сессияда жайылым туралы арнайы заңды қайта қабылдадық. Жаңадан енгізген ұғымдардың бірі — қоғамдық жайылым болды. Енді мәслихат депутаттары жайылымды басқару жоспарын қабылдауы керек. Халық өзі жиналып, ауылдың қасынан жайылымды белгілеп, үй қасында төлдерді қалдырып, ірі малды сыртқы жайылымға жіберуі керек. Мұнда барлық шешімді жергілікті халықтың өзіне бердік, енді олар жайылымды тиімді басқару жолдарын қарастыра алады.
Космомониторинг бойынша да сұрақтарымыз бар. Өйткені ауыл шаруашылығында жиі қолданылады деп айту қиын. Технологиялық жай-күйі, суреттің сапасы көңілден шыға бермейді. Нақты бір аумаққа қандай дақыл егілгенін нақты көрсете алмайды. Әйтсе де, қазіргі космомониторинг материалдары арқылы жолдамалар беріліп, ауыл шаруашылығы мамандары сол жаққа барып, нақтылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Толығырақ ертеңгі Мәжіліс отырысында талқылаймыз.
− Мазмұнды сұхбатыңыз үшін көп рахмет!