Судағы тіршілік иелерін зерттеудің маңызы зор — ғалым
ОРАЛ. KAZINFORM — Қазіргі таңда жер үсті және жер асты суларындағы экожүйені, ондағы бактерияларды зерттеу айрықша маңызға ие болып отыр. Осыған орай Kazinform тілшісі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті биология, химия ғылымдары және қоршаған орта білім беру бағдарламаларының жетекшісі, PhD Серік Бақиевке бірнеше сауал қойған еді.
— Серік Самиғоллаұлы, жер үсті және жер асты суларының экожүйесін сақтаудың маңызы қандай деп білесіз?
— Жер үсті және жер асты суларының экожүйелері — адамзаттың негізгі ауыз су қоры және биоалуантүрліліктің маңызды тіршілік ортасы. Соңғы жылдары антибиотиктерге төзімді бактериялардың табиғи су көздерінде таралуы экологиялық әрі санитарлық қауіпсіздік тұрғысынан өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан су экожүйелерінің микробиологиялық жағдайын тұрақты бақылау, антибиотикке төзімді микроорганизмдердің таралуын зерттеу және олардың қоршаған орта мен адам денсаулығына әсерін бағалау ерекше маңызға ие. Осындай зерттеулер су ресурстарын тиімді қорғауға және антибиотиктерді ұтымды пайдалану бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.
— Бекіре тұқымдас балықтарды емдеудің тың жолдары жөнінде айтсаңыз?
— Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алу барысында ғылыми жетекшім, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Бисенбаевтың жетекшілігімен бактериофагтардың лизистеуші ақуыздары — эндолизиндер негізінде жаңа буындағы антибактериалды препараттарды әзірлеу бағытында ғылыми зерттеулер жүргіздік. Зерттеу нәтижесінде рекомбинантты эндолизиндердің аквакультурадағы қауіпті Aeromonas инфекциясына қарсы жоғары тиімділігі дәлелденді. Ніл тиляпиясында жүргізілген терапиялық сынақтар бұл эндолизиндердің ауру жұқтырылған балықтардың 100 пайыз тіршілік етуін қамтамасыз ететінін көрсетті. Сонымен қатар бекіре тұқымдас балықтардың аэромоноз кезінде зақымданған терісін емдеуде рекомбинантты эндолизинді қолдану жаралардың жазылуын айтарлықтай жеделдететіні анықталды. Зерттеу нәтижелері эндолизиндердің антибиотиктерге балама, экологиялық қауіпсіз және тиімді емдік құрал ретінде аквакультурада кеңінен қолдануға үлкен әлеуеті бар екенін көрсетті.
— Қазақстандық ғалымдармен бірлесе отырып, жаңа бактерия түрін аштыңыз, соған тоқталсаңыз?
— Иә, 2025 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Назарбаев университетінің ғалымдарымен бірлесіп жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде ғылым үшін жаңа бактерия түрі анықталды. Бұл бактерияны біз алғаш рет 2021 жылы ауру бекіре тұқымдас балықтан бөліп алып, оның биологиялық және генетикалық ерекшеліктерін зерттей бастадық. Бірнеше жылға созылған зерттеулер барысында толықгеномды секвенирлеу, филогенетикалық және салыстырмалы геномдық талдаулар жүргізіліп, оның ғылымға бұрын белгісіз жаңа түр екені дәлелденді. Жаңа бактерияға зерттеу жүргізілген өңірдің құрметіне Aeromonas oralensis атауы берілді.
Aeromonas oralensis — шартты-патогенді бактерия. Зертханалық жағдайда жүргізілген тәжірибелерде бұл бактериямен жұқтырылған балықтар арасында 100 пайыз өлім-жітім тіркелді. Толықгеномды талдау нәтижесінде оның жоғары патогенділік қасиетін қамтамасыз ететін көптеген вируленттік факторлар белгілі болды. Олардың қатарына фосфолипаза, протеаза, ацилтрансфераза, эластаза, аэролизин, гемолизин және энтеротоксин гендері жатады. Бұл факторлар бактерияның жасуша мембраналарын зақымдауына, ұлпаларды бұзуына, токсиндер бөлуіне және инфекциялық үдерістің ауыр өтуіне ықпал етеді.
Зерттеу нәтижелері халықаралық жоғары рейтингті ғылыми журналда жарияланып, жаңа бактерияның толық геномдық және нуклеотидтік тізбектері халықаралық генетикалық деректер базасына енгізілді. Бұл мәліметтер әлемнің кез келген зерттеушісіне қолжетімді. Сондықтан жаңа бактерия түрінің таралуын, эволюциясын, патогендік қасиеттерін әрі қарай зерттеуге, аквакультура саласындағы жұқпалы ауруларға қарсы жаңа диагностикалық және профилактикалық әдістерді әзірлеуге маңызды ғылыми негіз болады. Сонымен қатар бұл жаңалық Қазақстан микробиология ғылымының халықаралық деңгейдегі жетістіктерінің бірі болып саналады.
— Соңғы жылдары ғылым саласында елеулі табыстарға қол жеткізіп келесіз. Соның ішінде ТМД-ның «Үздік жас ғалым — 2022» төсбелгісінің иегері атандыңыз. Ал өткен жылы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым үздігі» құрмет дипломымен марапатталдыңыз. Қазіргі таңда қолға алған ғылыми жобаңыздың басты мақсат-бағыттары нені көздейді?
— 2025 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру конкурсында жеңіске жетіп, 2025-2027 жылдарға арналған «Жер үсті және жер асты суларының экожүйелерінде антибиотикрезистентті шартты-патогенді бактериялардың таралуын бағалау» атты ғылыми жобаның ғылыми жетекшісі ретінде жұмысымды бастадым.
Жобаның негізгі мақсаты — Батыс Қазақстан облысының жер үсті және жер асты су экожүйелерінде таралған антибиотиктерге төзімді шартты-патогенді бактериялардың таралуын зерттеу және олардың қоршаған орта мен адам денсаулығына төндіретін ықтимал қаупін бағалау. Бұл мәселе бүгінде бүкіл әлем үшін өзекті, себебі антибиотиктерді бақылаусыз және шамадан тыс қолдану нәтижесінде көптеген бактериялар дәрілік препараттарға төзімділік қасиетіне ие болды.
Жоба аясында табиғи су көздерінен сынамалар алынады. Сосын олардан бөлініп алынған бактериялардың түрлік құрамы анықталады, биохимиялық және молекулалық-генетикалық идентификациясы жүргізіледі. Сондай-ақ олардың антибиотиктерге төзімділігі, осы төзімділікке жауап беретін гендердің болуы және вируленттік факторлары зерттеледі. Бұл зерттеулер бактериялардың патогендік әлеуетін және табиғи су экожүйелерінде таралу ерекшеліктерін жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді.
Жобаның маңызды нәтижелерінің бірі — Батыс Қазақстан облысының табиғи су көздерінде кездесетін антибиотиктерге төзімді шартты-патогенді бактериялардың таралу картасын жасау. Оған қоса әрбір анықталған бактерия түріне толық биологиялық сипаттама беріледі, оның ішінде таралу аймағы, биохимиялық қасиеттері, антибиотиктерге төзімділігі және вируленттік факторлары қамтылады. Алынған нәтижелер су экожүйелеріне антропогендік әсерді бағалауға, антибиотиктерді ұтымды пайдалану жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеуге және еліміздің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
— Ғылым саласында қандай өзекті мәселелерге назар аудару керек деп ойлайсыз?
— Қазіргі таңда ғылым саласында ерекше назар аударуды қажет ететін ең маңызды мәселелердің бірі — антибиотиктерге төзімділіктің артуы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл мәселені адамзат алдында тұрған ең үлкен биологиялық қауіптердің бірі ретінде бағалайды. Сондықтан антибиотиктерге төзімді микроорганизмдердің таралуын зерттеу, олардың пайда болу механизмдерін анықтау және оларға қарсы жаңа биологиялық емдеу тәсілдерін әзірлеу — қазіргі ғылымның басым бағыттарының бірі.
Сонымен қатар, менің ойымша, ғылымның тұрақты дамуы үшін ең маңызды бағыттардың бірі — жас ұрпақты ғылымға тарту. Студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысуына жағдай жасап, олардың ғылыми әлеуетін дамыту қажет. Өйткені бүгінгі жас зерттеушілер — ертеңгі ғылымның қозғаушы күші. Сондықтан біз ғылыми жобаларға студенттер мен магистранттарды кеңінен тартып, олардың халықаралық және республикалық деңгейдегі ғылыми байқауларға, конференцияларға қатысуына, ғылыми мақалалар жариялауына және жаңа ғылыми идеяларды жүзеге асыруына жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесі бүгінде нақты жетістіктер арқылы көрініс табуда. Өзім жетекшілік ететін ғылыми жоба аясында магистранттар мен студенттер ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысады. Бұл жұмыстардың нақты нәтижелері де бар. Биыл үшінші курс студенттерінің екеуі республикалық студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары конкурсында жүлделі ІІ орынға ие болды. Бұл — жастардың ғылымға деген қызығушылығының артып келе жатқанының айқын дәлелі.
Қазіргі уақытта жоба нәтижелері бойынша авторлық монография баспаға ұсынылды. Алдағы уақытта зерттеу нәтижелерін халықаралық жоғары рейтингті ғылыми журналдарда жариялау жоспарланып отыр. Осындай жұмыстар отандық ғылымның халықаралық деңгейдегі беделін арттырып қана қоймай, жас ғалымдардың кәсіби қалыптасуына және Қазақстан ғылымының одан әрі дамуына жәрдемдеседі.
— Әңгімеңізге рахмет! Ғылым жолында табыстарға жете беруіңізге тілектеспін.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда ара шаруашылығын қалай дамытуға болатынын жазған едік.