Судағы бала өлімі үшін мұғалімдерді қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделуде - БҚО прокуратурасы

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл 13 адам суға кетсе, соның сегізі балалар болып отыр.
None
None

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, өткен жылы барлығы 31 адам «тілсіз жаудың» құрбаны болса, соның 9-ы жеткіншектер еді. Мамыр айының тек соңғы аптасында ғана 7 адам суға кетті.

Ажалы судан болған балалардың ең жасы 4-те ғана. Ол 1 мамыр күні отбасы мүшелері табиғат аясында демалған кезде қараусыз қалып, Зеленов ауданындағы Матвеев өзеніне құлап кеткен. Ал тоғыз жасар баланы ата-аналары суға түсуге өздері жіберген. Орал қаласындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері футбол ойнауға сұранып шығып, қалалық мәдениет және демалыс саябағы аумағында біреуі суға батып кеткен. Теректі ауданы Покатилов ауылында суға түсуге ата-аналарынан сұранған 12 жасар үш қыздың екеуі бірін-бірі құтқарам деп құрбан болды. Үшіншісі таяқ ұсынып, әрекет жасағанымен, әлі келмеді. Тірі қалған қыздың сөзіне қарағанда, сол маңда болған ер адам шақыруға келмеген. Сондай-ақ Ақжайық ауданы Көнеккеткен ауылында 25 мамыр күні табиғат аясында демалған кезде мектеп түлегі жағада аяғын жумақшы болғанда, тік жардан құлап кеткен.

Алты баланың осылайша қайғылы жағдайға ұшырауы ересек адамдардың оларды қараусыз қалдыруынан болса, Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылында қайғылы оқиға екі мұғалімнің тікелей қатысуымен орын алды. Олар 6-сыныпта оқитын 27 баланың өміріне жауап береміз деп міндеттеме алып, Сарыайдынға демалуға шығады. Мұғалімдердің біреуі балалардың суға түсіп жүргенін көріп, оларға тереңге кетіп қалмауын ескертеді. Ал баланың бірі суға кете бастағанда, мұғалім оны құтқаруға басқа оқушыларды жұмсайды, сөйтіп олардың да өміріне қауіп төндіреді. Баланың мүрдесін жақын жерде жүрген ер адамдар судан алып шығуға жәрдемдеседі.

Облыс прокуратурасы абайсызда баланың өліміне әкеліп соқтырған, балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған мұғалімдерді ҚР ҚК 141-бабының 2-бөлімі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселе қойды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Аталмыш бап бойынша айыптары дәлелденсе, мұғалімдер бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар