Судан тәуелділікті төмендететін жоба іске асырылады - Қ. Бозымбаев

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанынндағы Орталық коммуникациялар қызметінде болған баспасөз мәслихатында Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев мәлім етті.
«Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары Жамбыл облысы егістік алқаптарын суаруға байланысты біршама қиындықтарға ұшырауда. Өйткені, біз 80 пайызға жуық су ресурстарын трансшекаралық өзендер арқылы көршілес Қырғыз Республикасынан аламыз. Облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары жазғы маусымда су тапшылығын көруде. Осы орайда, біз су үнемдегіш технологияларды қолдана отырып, облыстың ирригациялық жүйелерін қайта жаңғырту және суармалы жерлерді қалпына келтіру жөнінде 2014-2020 жылдарға арналған өңірлік бағдарлама әзірледік»,-деді әкім.
Осы орайда ол енді, Елбасының тапсырмасына сәйкес облыстың Ырғайты, Қалғұты, Шу, Талас, Аспара өзендерінде су қоймаларын салу бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатқандығын айтты.
«Бұл жобаның өңір дихандарын сумен қамтамасыз етуде көршілерден тәуелділікті төмендетуге мол мүмкіндіктер берері сөзсіз»,-деп түйді әкім.