Судандағы қақтығысқа қатысушы тараптың бірі 72 сағатқа оқ атуды тоқтататынын мәлімдеді

None
Фото: aljazeera.com
АММАН. ҚазАқпарат – Судандағы Жедел қолдау күштері (Rapid Support Forces, RSF) әскери тобы Хартумда қарулы қақтығыс жалғасып жатқан кезде 72 сағатқа оқ атуды тоқтататынын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі AlJazeera-ға сілтеме жасай отырып.

RSF мәлімдемесінде жұма күні Ораза айт мерекесіне орай жергілікті уақытпен 6:00-ден (Астана уақытымен 07:00) бастап 72 сағат бойы оқ атпайтыны жазылған.

«Келісім Ид аль-Фитр (Ораза айт) мерекесіне тура келіп отыр, бұл кезде гуманитарлық дәліздер ашылып, азаматтарға эвакуациялануға және туған-туыстарын мерекемен құттықтауға мүмкіндік беріледі», - делінген мәлімдемеде.

Ал Судан әскері оқ жаудырмау режимін ұстанатыны жөнінде хабарлаған жоқ.

Жұма күні таңертең Хартумға оқ жаудырылды, осыған байланысты RSF әскерді астанаға шабуыл жасады деп айыптаған еді.

Бұдан бірнеше күн бұрын Абдель Фаттах әл-Бурхан басқаратын әскер мен генерал Мұхамед Хамдан Дагало жетекшілік ететін RSF бітімге келуге бірнеше мәрте талпынған еді. Алайда одан нәтиже шықпады.

Қазіргі таңда кемінде 350 адам көз жұмды.

Мыңдаған бейбіт тұрғын Хартумнан қашуға мәжбүр болды.

БҰҰ босқындар істері жөніндегі агенттігінің мәліметіне сәйкес, Чадпен шекара асып қашқандардың басым бөлігі - әйелдер мен балалар.


Соңғы жаңалықтар
telegram