Суды көп тұтынатын бизнестер қандай тарифпен төлем жасайды

АСТАНА. KAZINFORM – «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің тарифтерінің неліктен өзгергенін және суды көп тұтынатын бизнес субъектілерінің қандай тарифпен төлем жасайтынын түсіндірді.

Астанада сарқынды суға қатысты тариф өсуі мүмкін
Фото: Мухтор Холдарбеков/ Kazinform

Су арнасының хабарлауынша, тарифтер өзгерісінің негізгі себептері – жаңадан іске қосылған нысандар мен құрылыстарды ұстауға кететін пайдалану шығындарының артуы, сондай-ақ «Астана су арнасы» ШЖҚ МКК үшін стратегиялық тауар болып саналатын электр энергиясы бағасының өсуі болып отыр. Себебі тазарту мен ағын суларды айдау нысандарындағы барлық жабдық электр қуатымен жұмыс істейді. 

Сонымен қатар, нысандардың тозуын және апаттың жай-күйін азайту мақсатында оларды жаңарту, жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыруға қосымша инвестициялар қажет.

− 2025 жылдың қаңтарынан бастап тұрғындар үшін ауызсумен жабдықтау қызметіне суды тұтыну көлеміне байланысты дифференциалды тарифтер енгізілді. Бұл тарифтер 4 шағын топқа бөлінеді. Ең төменгі тариф – 105 теңге/м³, адам басына айына 3 текше метрге дейін тұтынатын абоненттерге арналған.

Ал ең жоғарғы тариф – 211 теңге/м³, адам басына 10 текше метрден астам су тұтынатын абоненттерге қолданылады, − деп жазылған кәсіпорын жауабында. 

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «Тарифтерді қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, су тұтыну көлеміне қарай сараланған тарифтер тек тұрғындар үшін белгіленген.

Ал кәсіпкерлер пен бизнес субъектілеріне, мемлекеттік органдар мен басқа да заңды тұлғаларға сараланған тарифтер заңнамада қарастырылмаған.

Қазіргі уақытта көлік жуу, кілем жуу секілді нысандарда ҚҚС-ты есепке алмағанда 401 теңге мөлшеріндегі заңды тұлғаларға арналған бекітілген тариф қолданылады.

Суды үнемдеу мақсатында мұндай нысандарда су айналымы жүйелері орнатылады.

− Барлық кәсіпкерлік субъектілері, заңды тұлғалар мен мемлекеттік органдар үшін ауызсумен қамту бойынша 401 теңге мөлшерінде бірыңғай тариф белгіленген. Төлем су есептегіш құралдарына сәйкес нақты тұтыну көлемі бойынша жүргізіледі, − деп түсіндірді Астана су арнасы. 

Бұған дейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қалада сарқынды су мен электр тарифінің қымбаттауына байланысты пікір білдірген еді. 

Соңғы жаңалықтар