Судьялар адалдықтың жарқын үлгісі болуы керек - Сапархан Умаров

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Әділ сот – мемлекеттің тірегі. Сондықтан, сот билігі өз міндетін қашанда абыроймен атқаруы керек. Бұл бағытта елімізде нәтижелі істер жүзеге асырылып жатыр.

Сапархан Умаров
Фото: Түркістан облысының соты

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезінде бұл туралы былай деген болатын:

«Заң мен Тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл – заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті, сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек».

Иә, расында да солай. Елде заң үстемдігі орнаса, тұрғындардың билікке деген сенімі күшейе түседі. Елімізде сот саласы кешенді реформалау ісінде көптеген жетістіктерге жетті. Айталық, мемлекетімізде Конституциялық сот құрылды. Сот жүйесінің институционалдық дербестігі нығайды. Сала бюджетін басқару құзыреті қазылар қауымының өзіне берілді. Күштік құрылымдар судьяларға қысым көрсетпеуі үшін тиісті шаралар қабылданды. Кадрларды іріктеу жүйесі жаңартылды. Бірінші сатыдағы сот төрағасы қазылар қауымының ұсынысымен тағайындалатын болды. Жоғарғы Соттың судьялары Конституцияда көрсетілген жаңа тәртіп бойынша сайланатын болды. Алқа билер тәжірибесі кеңінен қолданыла бастады.

Орайы келгенде сот жүйесіндегі осы және өзге де өзгерістер жайлы Арыс аудандық сотының төрағасы Сапархан Умаровпен сұхбаттасқан едік.

- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі сот жүйесін жетілдіруге барынша басымдық беруде. Соның ішінде судьялардың кәсібилігін арттыру тақырыбына ерекше тоқталуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезінде де сот мамандарын іріктеу және құзыретін күшейтуге баса мән беру қажет екенін айтып, Жоғары сот кеңесі дербес әрі кәсіби судьялар корпусын қалыптастырудың кепілі болуға тиіс екенін жеткізген болатын. Сонымен қатар, Президент судьялардың адалдықтың, дербестіктің және әділдіктің жарқын үлгісі болуы керек екенін айта келе:

«Судьялардың этикалық нормаларды сақтауы ерекше маңызды. Жаңа өзгерістерге сай енді сот ісін қарау кезіндегі барлық өрескел қателікті Cот жюриі тексереді. Бұл – соттардың тәртіптік жауапкершілігін күшейтуге бағытталған жаңа тәсіл» деді.

Судьялардың негізгі қызметі сот төрелігін жүргізіп, заң шеңберінде әділ шешім шығару. Өйткені, әрбір адам үшін сот шешімі заңды және әділ болуы керек. Бұған, әрине, судьялардың кәсіби біліктілігі қажет. Осыған орай облыстық сотта арнайы семинарлар, практикалық сабақтар жиі ұйымдастырылып тұрады.

Айта кетейік, жыл басынан бүгінге дейін ауданда азаматтық талап қою бойынша 138 іс медиация тәртібімен аяқталса, 4 іс бейбіт бітіммен, 43 неке бұзу ісі тараптардың татуласуына байланысты қысқартылды.

- Сотта қашанда даулы істер қаралады. Даусыз болған күннің өзінде сот бұйрығымен немесе жеңілдетілген тәртіппен қаралады. Дегенмен, бүгінде қандай мәселесі болсын медиация арқылы шешу ең тиімді тәсіл болып отыр. Мұны халық түсіне алды ма? Қалай ойлайсыз?

- Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 9-бабы 1-тармағына сәйкес, азаматтық құқықтарды сот қорғап, төрелік етеді. Онда құқықтарды тану; құқық бұзылғанға дейiн болған жағдайды қалпына келтiру; құқықты бұзатын немесе оның бұзылу қаупiн туғызатын әрекеттердің жолын кесу; мiндеттi заттай орындатуға ұйғарым шығару; залалдарды, тұрақсыздық айыбын өндiрiп алу; дау айтылатын мәмiленi жарамсыз деп тану және оның жарамсыздығы салдарын қолдану, маңызсыз мәміленің жарамсыздығы салдарын қолдану; моральдық зиянның өтемiн төлету; құқықтық қатынастарды тоқтату немесе өзгерту; мемлекеттiк басқару органының немесе жергiлiктi өкiлдi не атқарушы органның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтiн актісін жарамсыз немесе қолдануға жатпайды деп тану; азаматқа немесе заңды тұлғаға құқықты иеленуіне немесе жүзеге асыруына кедергi келтіргені үшiн мемлекеттiк басқару органынан немесе лауазымды адамнан айыппұл өндiрiп алу секілді мәселелер қаралған.

Кодекстің 8-бабына сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын, ал кәсiпкерлер iскерлiк әдептiлiк ережелерiн сақтауға міндетті.

Әрине, ел іші даусыз болмайды. Дей тұрғанмен, сол дау-жанжалды реттеудегі мәдениетіміз қандай? Осы сұрақ көпті ойландырары сөзсіз. Өкінішке қарай, бізде дау-жанжалды тек сот арқылы шешу көзқарасы қалыптасқан. Сондықтан, кез-келген даулы істе азаматтар сотқа жүгінеді. Яғни, олар екі арадағы мәселені сотпен ғана шешуді ойлайды.

Даудың сотта ғана шешілмейтінін уақыттың өзі көрсетіп беруде. Өйткені, сот екі жақтың талабын бірдей қанағаттандыра алмайды. Оның үстіне, істің ақ-қарасын айыруға келмейтін жағдайлар бар. Мысалы, ағайын-туыс, бауырлар, достар, көршілер арасындағы тартыс – таласты сот таразысына салу қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз? Сонымен қатар, сотқа жүгінгеннің соңы неге әкеп соқтырары белгілі ғой.

Сот отырысы бірнеше кезеңнен өтсе де даудың бір тараптың пайдасына шешілетініні сөзсіз. Мұндай жағдайда екінші тарап оған туыс, дос, қызметтес болса, екі арадағы қатынасқа, сыйластыққа, әріптестікке нұқсан келеді. «Неге?» десеңіз, сот – дау алаңы. Сондықтан, мұндай жағдайдан «Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» алып шығатын ең тиімді тәсіл – татуласу екенін сот тәжірибесі көрсетіп отыр.

- Бүгінде аудандық сотта негізінен қандай істер қаралуда? Сотқа дейінгі орталықтардың шешімімен бітімге келетіндер көп пе?

- Арыс аудандық сотында көп қаралатын істер санатына азаматтық істер кіреді. Оның ішінде, қарыз шарттарынан туындайтын даулар, неке бұзу, алимент өндіру туралы істердің үлес салмағы басымдау. Нақты айтар болсақ, қарыз шарттарынан туындайтын даулар бойынша аудандық сотқа 11 айда 460 арыз келіп түскен болса, оның 439-ы қаралып аяқталған.

Жалпы шешім шығарылған істердің саны 264-ті құрап отыр. Оның 150-і медиациялық келісімен аяқталып отыр. Сонымен қатар, жыл басынан бері аудандық сотқа неке бұзу туралы 139 арыз келіп түскен болса, бүгінге дейін оның 74-іне шешім шыққан. Ал, сотта татуласып арыздарын қайтарып алған істер саны – 47. Кәмелетке толмаған балаларды асырап бағу үшін алимент өндіру туралы сотқа 117 арыз келіп түсіп, 111 іске алимент өндіру туралы сот шешімі шығарылды.

Халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру үшін даулы іске тап болған азаматтарға сотқа жүгінбес бұрын ақылға салып ойланған жөн дер едім. Тіпті, сотқа жүгінгеннің өзінде, ең дұрысы – өзара келісімге келіп татуласу. Бұл біріншіден, алтын уақытты жоғалтпауға, екіншіден қаржыны үнемдеуге үлкен септігін тигізеді. Мұндай жағдайда екі арадағы қарым-қатынас та үзілмейтін болады.

Бүгінгі таңда аудандық сот тараптар арасындағы дауды бітімгершілік тәртіппен, сотқа дейінгі қоғамдық медиаторлардың көмегімен шешуге басымдық берілуде. Дегенмен, медиация тәсілі тараптардың өздерінің келісімі бойынша жүзеге асырылады.

- Сот төрелігінің сапасын жақсарту, судьялар мен кеңсе қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру, соттардың жариялылық пен ашықтығын қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

- Айта кетейік, елімізде сот жүйесін жетілдірумен қатар судьялардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі де кезең-кезеңмен шешіліп келеді. Бүгінгі таңда судьялардың материалдық қажеттілігі, оның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты мәселелер Жоғарғы Сотқа бөлінген бюджеттің есебінен қаралуда.

Биылғы 11 айда Арыс аудандық сотында 927 азаматтық іс қаралды. Оның ішінде 51 қылмыстық іс аяқталды. 461 әкімшілік құқық бұзушылық іс пен 31 әкімшілік іс қаралды.

Жалпы соттардың жариялығы мен ашықтығын қамтамасыз ету – қоғамның сот қызметіне деген сенімін күшейте түсетіні сөзсіз. Ал, бұл билік пен мемлекетке деген сеніммен бірдей. Кейде тергеу әлі жалғасып жататын кездерде журналистер мен блогерлер жағдайда ушықтырып, сот шешімін алдын ала болжайды. Мен айтар едім, бұқаралық ақпарат құралдарының жариялылығы мен ашықтығы сотқа қысым жасау құралы ретінде пайдаланылмауы керек. Әділдік сот залында және соттың қорытындысы бойынша ғана орнауы керек.

Сосын сот жүйесінің тәуелсіздігі де өте маңызды. Судьялардың тәуелсіздігіне ешқандай күмән болмауы керек. Олар адам құқықтарының мүлткісіз сақталуын басты назарда ұстайды. Осы мақсатта ұдайы біліктіліктерін арттырып, жұмыс тәсілдерін жетілдіріп отырады. Міне, сондықтан азаматтар судьялардың әділ шешім шығаратынына сенімді болуы керек деп ойлаймын. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезінде:

«Жалпы, судьялар адалдықтың, дербестіктің және әділдіктің жарқын үлгісі болуы керек. Сондықтан судьялардың этикалық нормаларды сақтауы ерекше маңызды. Жаңа өзгерістерге сай енді сот ісін қарау кезіндегі барлық өрескел қателікті Cот жюриі тексереді. Бұл – соттардың тәртіптік жауапкершілігін күшейтуге бағытталған жаңа тәсіл» деген болатын. Сол айтпақшы, судьялар әрқашан адалдықтың жарқын үлгісін таныта білуі тиіс.

Заңымыз әрқашан үстем болсын!. Заң үстем болған елде заман тыныш болады.

- Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет! Заңымыз мәртебелі тұғырынан түспесін!