Судьяларды іріктеу жүйесі өзгермек

АСТАНА. KAZINFORM — Судьяларды іріктеу толыққанды балдық бағалау жүйесіне көшеді. Бұл туралы Жоғары сот кеңесінің мүшесі Жанат Оспанова айтты.

судья
Фото: Freepik

— Жоғары сот кеңесі судьяларды іріктеу жүйесін одан әрі жетілдіру жұмыстарын жалғастырып келеді. Қазіргі уақытта басты назар кандидаттарды бағалау өлшемдерін жетілдіруге аударылған. Негізгі мақсат — бағалау жүйесін бұрынғыдан да объективті, ашық әрі өлшенетін ету. Осыған байланысты конкурстың қолданыстағы үш кезеңді моделі сақтала отырып, толыққанды балдық бағалау жүйесіне көшу жоспарланған. Бұл нәтижелерді автоматты түрде есептеуге, субъективті фактордың ықпалын барынша азайтуға және конкурстық рәсімдерді одан әрі цифрландыруға мүмкіндік береді, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның айтуынша, бағалау кезінде сот төрелігін жүзеге асыру сапасына, кәсіби беделге, білім беру және ғылыми жетістіктерге, жоғары жүктеме жағдайындағы жұмыс тәжірибесіне, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне және кандидаттың сот жүйесін дамытуға қосқан үлесіне басымдық беріледі.

— Бұл жұмыста соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің рөлі ерекше. Осы орайда бір маңызды мәселеге назар аударғым келеді. Судьяларды іріктеу процесі қоғамнан оқшау жүргізілмейді. Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестер арқылы заң қоғамдастығының, бұқаралық ақпарат құралдарының және жұртшылықтың өкілдері кандидаттардың моральдық-адамгершілік қасиеттерін бағалауға қатысады. Демек, бұл институт судьялар корпусын қалыптастыруға қоғамның нақты қатысуын қамтамасыз ететін маңызды тетік. Сондықтан бүгінгі міндет — кеңестердің өкілеттіктерін кеңейту емес, олардың қызметін бұрынғыдан да ашық, түсінікті және объективті ету, — деді Жоғары сот кеңесінің мүшесі.

Жанат Оспанова осы мақсатта кандидаттар туралы мәліметтерді жинау мен тексерудің бірыңғай тәртібін белгілеу, бірыңғай бағалау өлшемдерін енгізу, қорытындылардың біріздендірілген нысанын бекіту, кандидаттардың процестік құқықтарын нақтылау және рәсімдердің ашықтығын күшейту көзделіп отырғанын айтады. Бұл өзгерістер Жоғары сот кеңесіне кадрлық шешімдерді неғұрлым дәлелді әрі объективті қорытындылар негізінде қабылдауға мүмкіндік бермек.

Бұған дейін Конституциядағы жаңа өзгерістер әділ сот төрелігін нығайтатынын жазған едік.